«Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтауға қосымша талаптар енгізіледі

Келер жылдың алғашқы тоқсанында ауылды дамыту жөнінде тұжырымдама қабылданады.

Ал әкімдердің жұмысы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасаумен бағаланады. Бизнес саласындағы заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізіледі.

Сөйтіп 2024 жылдың басынан жаңа тәсілдерге көшеміз. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарын табыстады. Сонымен кімнің бағы жанды? Көп ішінен дара шыққандар кім? 

Алтын сапаға әркімнің-ақ бар таласы. Биылғы байқауға 281 кәсіпорын өтініш берген. Бірақ, санаулының ғана баға жанды. Комиссия 4 аталым бойынша 14 бизнес нысанын жеңіске лайықты деп таныды. Соның бірі «Антиген» ғылыми-өндірістік-кәсіпорны. 

«Антиген» «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «Алтын сапаны» иеленді. Кәсіпорын малдың аса қауіпті ауруларына қарсы дәрі шығарады. Елге қажетті ветеринария препаратының 60 процентін осылар өндіріп отыр. 16 процентін Орталық Азия елдері мен Грузия, Арменияға экспорттайды. Тіпті біздің дәріні Израиль де сұрап отыр. Тек мал дәрісі емес, кәсіпорынның тамақ қауіпсіздігінде де үлкен зертханасы бар. Қазақстанда бал, сүт, етті халықаралық дәрежеде зерттей алатын жалғыз өндіріс орны осы. 

Нұрлан Ахметсадықов "Антиген" ғылыми-өндірістік-кәсіпорнының бас директоры:

- Талай жылғы еңбек. Осымен айналысқалы 20 жылдан асып кетті. Талай жылғы еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Рух береді, күш береді.  

Шымкент пен Түркістан аймағындағы 1 миллион адамға су беріп отырған мекеме бар. Әрі пайдаланылған тіршілік нәрін қайта тазалап, шаруаларға үлестіреді. Оңтүстіктегі мекеме озық жабдықты Орталық Азияда бірінші болып орнатқан. Бүгінде лас суды тазартып, кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін мұндай технология ТМД елдері арасында Ресей мен бізде ғана бар. Лайықты кәсіпорынға лайықты марапат. Бүгін «Парызды» алды.

Анарбек Орман, "Су ресурстары – маркетинг" мекемесінің бас директоры:

- ОА Қазақстанда бірінші болып. Пайдаланып жатырмыз.

"Парызға" жаңа талаптар енгізіледі

Келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болады. Ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға үлес қосып жүргендерге де сыйлық беріледі. Биылдың өзінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға мүмкіндік жасағандар елеусіз қалған жоқ. 

Бахтияр Өнербаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы:

Бизнес туралы заң өзгертіледі

2005 жылдан бері  елдегі шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өсті. Бүгінде бұл салада 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Тағы бір жетістік, былтыр  өңдеу өнеркәсібінің экспорты  жиырма миллиард долларға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жыл соңына дейін жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде  17 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бірақ, мұның бәріне қолайлы жағдай жасау керек. Сонда ғана бизнестің тасы өрге домалайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет  бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді. Экономиканың түрлі саласында жаңа реттеу саясатына сай келмейтін 6,5 мыңнан астам талап анықталды. Енді Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, заңнамаға және нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістерді жедел енгізуі керек. 2024 жылдың басынан бастап жаңа тәсілдерге іс жүзінде көшуіміз қажет.

Кәсіпкерге кедергі келтіргендер кешірілмейді

Бізде бизнеске кедергі аз емес. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді  негізсіз тексерулерден қорғауға басымдық беріп жатыр. Бұған сандар айғақ. Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны 700 миллион теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1200 тыйым мен шектеу шараларының күші жойылды. Бизнеске тосқауыл қоятындарға кешірім жоқ. Президент қатаң ескертті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды. Сонымен қатар өткен жылдардың оң нәтижесіне сүйене отырып, ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды.

Алтын сапа мен Парыз табысталды

Қазір өзімізде жасалған өнімге басымдық беріліп жатыр. Бұл бизнес өкілдерінің мерейін өсіреді. Ал үздіктері елеусіз қалмайды. Соның бірі KazTigerTape. 

Дәурен Халмет, KAZTIGERTAPE Бас директоры:

Президент диқандарды құттықтады 

Президент осы жерде диқандарды құттықтады. Биылғы науқан табысты аяқталды деді. Шаруларды қолдау жалғаса береді. Тіпті берілетін көмек көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету міндетті түрде жалғасын табады. Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты. Ал диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті. 2023 жылдан бастап көкөніс өнімдерін шығару үшін фермерлерге алдын ала, яғни форвардтық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Осы мақсатқа шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

Ауылды дамыту тұжырымдамасы қабылданады

Бизнесті дамытамыз десек, ауылдан бастау керек. Себебі, елдімекендегі жұртқа жұмыс керек. Осы мақсатта келесі жылдың алғашқы тоқсанында ауылдық жерлерді дамыту жөнінде тұжырымдама қабылданады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл менің сайлауалды бағдарламамдағы негізгі басымдықтың бірі деді.

Қорған Қонысбайұлы