Шымкентте жол құрылысын жүргізген мердігер компанияларға 48 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық сапа орталығы мамандарымен бірге жүргізілген тексеріс кезінде біраз талаптың орындалмағаны белгілі болды.  54 мың шаршы метр асфальттың тығыздығы тиісті нормаға сай болмай шықты. Сегіз мердігер жол жабындыларын қайта төсеген. Жұмысын немқұрайлы атқарған 6 техникалық қадағалаушының аттестаты 6 айға, 1 техникалық қадағалаушының лицензиясы 3 жылға тоқтатылған. Енді олар осы мерзім ішінде жол құрылысы жұмыстарына араласа алмайды. Мамандар құрылыс барысындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтау сапалы жұмыстың кепілі болып отырғанын айтады.

Мұхтар Дүйсембеков, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК  қалалық филиалының директоры:

- Құрылыс барысында жаңағы асфальттың нығыздығы сәйкес келмегендіктен кеңес өткізген болатынбыз. Сол кеңесте сегіз объекттіге шешім қабылданған. Сол бойынша асфальт қайтадан салынды.

Мұхтар  Қоқанбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Ұлттық сапа орталығының тауып, анықтаған кемшіліктерінен бөлек өзге де көп кемшіліктер анықталып отыр. Сол кемшіліктерге сәйкес біздің салған айыппұлымыз 48 миллион теңгеден асып отыр. Жұмыс барысындағы мерзімінен кешігу деген бар. Тағы да сол сияқты келісім шартта көрсетілген міндеттемелерді орындамауына байланысты тиісті шаралар көріледі.