Оқиғалар хроникасы. 6 қыркүйек

Қостанайда 11 жастағы қызды көлік қағып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол апаты бейнетіркеуішке түсіп қалды. Видеодан смартфонға телмірген қыздың жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқанын көруге болады. Бірақ орта жолда бағдаршамның қызыл түсі жанғанына қарамастан, ол әрі қарай жүгірген. Ал жоғары жылдамдық алған Лада жүргізушісі тежегішті басып үлгермеді. Қазір миы шайқалған қыз ауруханада жатыр. Полиция жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша тексеруді бастады.

Ер адам көлік астында қалды

Павлодар тұрғынын да жаяу жүргіншілер жолағында көлік қағып кеткен. Ол басын қатты зақымдап, денесін бірнеше жерден соғып алған. Дәрігерлер оған амбулаторлық ем көрсетеді.

Монша өртенді

Алматылық өрт сөндірушілер ірі тілсіз жаудың таралуына жол берген жоқ. Монша ғимараты тез тұтанатын құрылыс материалдарынан жасалғандықтан, шұғыл сөндірілді. Оқыс оқиға кезінде екінші қабаттың төбе жабыны құлаған. Абырой болғанда монша ішінде демалушылар болмапты. Құтқарушылар өрт ошағын табу үшін тепловизорлар қолданды. Қызыл жалынмен күреске 34 қызметкер мен 8 техника жұмылдырылды.

Өрт шығып, үй иесін күйік шалды

Өскеменде денесін күйік шалған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның үйі түнгі сағат үш кезінде отқа оранды. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде қызыл жалын баспананың шатырын шарпып, 80 шаршы метр аумаққа тараған. Үш адам өз беттерімен сыртқа шығып үлгерген. Тілсіз жаудың шығуына электр жабдықтарын монтаждау мен пайдалануда қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.

Жастар жаппай төбелес шығарды

Оралда түн ішінде жастар жаппай төбелес шығарды. Полиция департаменті оқиғаға қатысты қоңырау түспегенін мәлімдеді. Кейін әлеуметтік желіде тараған видеоны саралау нәтижесінде мән-жай анықталды. Абырой болғанда, ешкім ауыр жарақат алмаған. Күдіктілердің жеке бас мәліметтері нақтыланды. Олардың бәрі ұсталып, жауап алу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.