Түркиядағы Қазақстанның құрметті консулы жол апатынан қаза тапты

Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы, қазақ-түрік қарым-қатынасына елеулі үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер Халил Улуер жол апатынан қаза тапты.

2009 жылдан бері Қазақстанның Невшехир қаласындағы құрметті консулы қызметін атқарып жүрген Улуердің атсалысуымен Түркияда бірқатар даңғыл мен саябаққа Қазақстан мен қазақ тұлғаларының есімі берілді. Дәстүрлі түрде еліміздің атаулы күндерінде Каппадокияда әуе шарларында мемлекеттік туымызды желбіреткен Халил Улуердің еңбегі орасан.

«Халил Улуер тек өз елінің емес, қазақ халқының нағыз жанашыр досы еді. Қазақстанның көк туын желбіретіп, Қазақстанды мақтан тұтатын. Пандемия кезінде осындағы студенттерге көмектесті. Қазақстанға пандемия кезінде гуманитарлық көмек жолдап, қол ұшын бергендердің алдыңғы шебінде еді. Елімізге инвестиция тарту үшін кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Әттең, тағдыр оны бізге қимады. Қасиетті Ораза айында Алла тағала кешірімі мен мейрімін жазсын», – деп жазды Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook парақшасында.

Туризмнен бастап авиация, теңіз, баспа және визуалдық БАҚ пен қорғаныс саласында 8 компанияны басқарған Улуердің екі ұл, бір қызы бар.