ҰҚШҰ бітімгерлері тек қорғаныс пен күзетке жауапты – Д.Абаев

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы сарбаздары жауынгерлік іс-қимылдарға қатыспайды және содырлардың көзін жоюмен айналыспайды. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мәлімдеді. Ол бітімгерлік миссияны Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін енгізумен шатастырмауға шақырды. 

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

Қадірлі отандастар!

Біз баршаңыздың Алматыда және еліміздің басқа да өңірлерінде болып жатқан жағдайға қатты алаңдап отырғандарыңызды жақсы білеміз. Бүгінде қоғам көп сұрақты түсініп, оған жауап алғысы келеді.

Өкінішке орай, оқиғалардың бүкіл мән-жайын дәл қазір жайып салу мүмкін емес. Өте көп ақпарат анықталып, нақтылануда. Сондықтан тергеу органдары тексеріп, растаған барлық мәліметті өздеріңізге дереу жеткізіп отырамыз. Бұл еліміздің барлық аймағында интернет жұмысын қалпына келтіру мәселесіне де қатысты.

Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласында наразылықтар 3 қаңтарда басталды. Ол басында бейбіт сипатта болды.

Полиция мен ұлттық гвардия наразылық танытушыларға қарсы қару қолданған жоқ.

Бірақ кейіннен бейбіт шеруге шыққандардың үнін озбырлық пен тәртіпсіздікке шақырған арандатушылардың даусы басып кетті. Топты қолына қару, темір, Молотов коктейлін ұстаған бандиттер мен террористер бастап кетті.

Бандылардың бір тобы тонауды бастады. Ал ұйымдасқан террористер  қару дүкендеріне шабуылдап, соққыға жығылған полиция мен әскерилерден арнайы қорғаныс құралдарын тартып алумен айналысқан.

Террористер кәсіби түрде қимылдаған. Ең алдымен олар қаланың әкімшілік ғимараттары мен Алматыдағы телеарналардың офистерін басып алып, қиратқан. Орталық телевизия арқылы бірнеше рет тікелей эфирге шығуға тырысқан. Шекара әскерлері Көктөбедегі телемұнараға жасалған екі шабуылды тойтарды.

Әуежай мен бірнеше ұшақ жедел түрде басып алынды. Басып алынған барлық нысанда баррикада мен блок-посттар орнатылған.

Полиция департаменті ғимаратына шабуыл жасалды. Террористер сапында арнайы винтовкасы бар мергендер болған.

Бақылау камералары, байланыс пен аудио-, бейнежіберуші құралдар сындырылған.

Олар негізінен тәртіп сақтау органдары қызметкерлерін нысанаға алған. Тіпті бір жас курсанттың басын кесіп алған оқиға тіркелді. Қазіргі уақытта 18 қызметкердің қайтыс болған дерегі белгілі.

Басында  террористермен күреске күш жеткіліксіз болды. Бірнеше өңірде жағдай күрделі болғандықтан қосымша күш тарту қиындық туғызды.

Осының бәрі жаппай қирату, тонау, бейбіт тұрғындарды, күзетшілерді, әйелдер мен қарттарды ұрып соғу оқиғаларымен қатар жүрді.

Ұлттық қауіпсіздік шартты ұйымы туралы мынаны айтқым келеді:

Ұйымға мүше елдердің бітімгершілік контингенті енгізілді. Бұл бітімгерлік миссия. ОДКБ әскерлері әскери қимылдарға қатыспайды және террористерді жоюмен айналыспайды.

6 қаңтарда қаланы тазарту операциясының әскери бөлігін Қорғаныс министрлігінің «Арыстан», «Арлан», «Бүркіт» бөлімшелері атқарды.

Сонымен бірге Ұйымның бітімгершілік миссиясы қорғау және күзету қызметін орындайды.

Операция нәтижесінде қаланың барлық әкімшілік ғимараты террористерден тазартылды. Террористер жойылды және ұсталды. Қазір олардың кім екені анықталуда. Олардың экстремистік ұйымдарға тиесілі болу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Алматылықтардан қалада жүріп-тұруды шектеуді сұраймыз. Қазір тығылып қалған бандыларды іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгінгі күні барлық өңірде тәртіп қалпына келтірілді. Жағдай қалыпқа түсті. Қайтыс болған жандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Бәріңізді Қазақстанды қалыпты өмірге бірлесіп қайтаруға шақырамын.

 

 

Президент елдегі жағдайға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

Қ.Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады. 

Лаңкестермен ешқандай келісім болмайды – Қ.Тоқаев

Қ.Тоқаев 11 қаңтарда Үкіметке нақты тапсырмалар береді

Алматыдағы бүлік кезінде Almaty телеарнасының қызметкері қаза тапты

Банктер 10 қаңтарға дейін жұмыс істемейді

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 2 сарбазы қаза тапты

ҚР ІІМ: күштік құрылымдардың 18 қызметкері қаза тапты

Түркітілдес мемлекеттер ұйымы қолдау көрсетуге дайын

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бізге не береді?