Қаңтар оқиғасы: ҰҚШҰ Қазақстандағы дағдарысты шешуге арнайы жұмыс тобын құрды

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қазақстандағы дағдарысты бірлесе шешу тәжірибесін талдау үшін арнайы жұмыс тобын құрды. Бұл туралы Мәскеуде өткен «Валдай» халықаралық пікір талас клубының конференциясында ұйымның бас хатшысы мәлімдеді.

Станислав Засьтың айтуынша, бұл халықаралық бірлестік үшін алғашқы тәжірибе болды және Қазақстандағы операция өзінің тиімділігін көрсетті. Ұйым алдағы уақытта дағдарыс кезінде әрекет ету күштерін жетілдіріп, биологиялық қорғаныс жүйесін құруға ниетті. Конференция қатысушылары бірлестіктің экстремизммен күреске ерекше мән беретінін атап өтті.

Марат Сыздықов, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы күштерінің Қазақстанда болуы терроризмге қарсы операцияға баса назар аударуға мүмкіндік берді.

ҰҚШҰ күштері стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар нысандарды күзетумен айналысты. Жалпы, аталған әскери контингенттің Қазақстанда болуы елдегі жағдайды тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Қазір қоғамның қатысуымен бірген болған оқиғаларды жан-жақты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Станислав Зась, ҰҚШҰ бас хатшысы:

– Қажеттілік болған жағдайда тиісті шешім қабылданса, кез келген жерде әрекет етуге барлық мүмкіндік пен механизміміз бар. Біз оны жыл сайын елдеріміздегі оқу-жаттығу жиындары кезінде пысықтап тұрамыз.