386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар»арнасының спорт комментаторлары Олимпиада әсерімен бөлісуге дайын

  • 625
  • UPD: 11:21, 09.02.2018
«Хабар»арнасының спорт комментаторлары Олимпиада әсерімен бөлісуге дайын

Бүгін Пхенчханда XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылады.

Әлем көз тіккен спорттық шараның ашылу салтанаты «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Спорттық доданың әр сәтін қалт жібермей, көрерменге жеткізуге арнамыздың спорт комментаторлары тас түйін дайын.

«Хабар» телеарнасы 2000 жылдан бастап Олимпиада ойындарын көрсетіп келеді. Ал 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен Қысқы Олимпиададан алғаш рет тікелей репортаждар тарата бастады. Сол дәстүр бойынша биыл да Ақ Олимпиаданың әсерімен көрерменмен бөлісетін арнамыздың тәжірибелі спорт комментаторлары соңғы дайындықтарын пысықтауда.

Асқат Жақаев, «Хабар» телеарнасының спорттық бағдарламалар продюсері:

Комментаторлар үшін бұл – үлкен сын. Бір ай бұрын дайындықты бастап кеттік. Комментаторлар тікелей эфир барысында қиындықтар болмас үшін алдын ала анықтап алады. Кейін сол спорт түрі бойынша іріктеу ойындарын қадағалап, зерттеу жүргізеді.

Төрткүл дүние көз тігетін Ақ Олимпиадада биыл спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ақпан айының 9-ы мен 25-і аралығында көрермендер мәнерлеп сырғанау, ерлер мен әйелдердің хоккей матчтары, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, биатлон, фристайл сияқты спорт түрлерінен өтетін жарыстарды тамашалайды.

Сергей Райлян, спорт комментаторы:

– Олимпиада – белгілі бір уақыт аралығында бірнеше спорт түрінен өтетін жарыс. Сондықтан комментаторларға барлық спорт түрлері бойынша жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, бір күнде хоккей, шаңғы, биатлоннан жарыс өтеді. Демек комментаторлар аз ғана үзілісте ойын жинақтап, келесі спорт түрін жүргізуге дайын тұруы тиіс.

Араға 4 жыл салып келетін дүбірлі доданы асыға күтіп отырған спорт жанкүйерлеріне комментаторлардан бөлек Оңтүстік Корея жерінде жүрген журналистеріміз де күнделікті Олимпиаданың жарқын сәттерін жеткізетін болады.

Жандос Айтбай, спорт комментаторы:

Әрине, талап өте күшті, жауапкершілігі де жоғары. Өйткені барша қазақ жанкүйерлері көз тігіп отыр. Сондықтан жанкүйерлердің жүрегіне қашанда жол табуға тырысамыз. Спортшыларымыздың керемет жеңістерін, тамаша жетістіктерін сүйіншілеуге жазсын дейміз. Тікелей эфирде біз спортшыларымыздың жоғары биіктерден көрінген қуанышты сәттерін жеткізуге барынша тырысамыз.

Айбек Қабылша, спорт комментаторы:

– Бұған дейін Рио Олимпиадасында жұмыс жасадым, алғашқы рет осы төртжылдықтың басты бәсекесінде, енді міне Қысқы Олимпиадаға қарай келіп жеттік. Ақ Олимпиада дейміз, бұл Олимпиададан өзімнің де үйренім көп. Және қалай болады екен деген толқыныс та бар. «Хабар» арнасын қарап жүріңіздер, Олимпиададағы тікелей эфирлерді жіберіп алмаңыздар және күн сайын шығатын күнделіктерден көз алмаңыздар.

XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Жаңалықтың видеосын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы