«Челси» мен «Ливерпульдің» бұрынғы ойыншысы Қазақстанға келуі мүмкін

Гвинея-Бисау құрамасының жартылай қорғаушысы Тони Силва «Тобыл» сапына қосылуы мүмкін.

Бұл туралы Vesti.kz хабарлады. 

Ақпарат бойынша, футболшы команданың Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына барған. 

Жартылай қорғаушы 2020 жылдың басында «Тараз» командасы үшін португалиялық ойыншы ретінде өнер көрсеткен. «Ливерпульдің» экс-футболшысында осы елдің азаматтығы бар. Силва бала кезінен Португалияда өскен. Бозбала шағында «Бенфика» намысын қорғаған. 2009 жылы Англияға барып, «Челси» мен «Ливерпульдің» жастар командасында ойнады. 2010/11 және 2011/12 маусымда АПЛ-де болғанымен, негізгі команда үшін сол күйі шыға алмады.  

Ол ҚПЛ-да 17 матча төрт гол салған, бұл – «Тараз» ойыншылары арасында ең жақсы көрсеткіш. 

Transfermarkt мәліметінше, футболшының қазіргі таңдағы құны – 350 мың еуро. 

Еске салайық, «Тараз» маусым қорытындысы бойынша сегізінші болды. Ал «Тобыл» Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және еурокубоктарда өнер көрсетеді.