Су добы: елордалық спорт клубы жабыла ма?

Елордада су добынан балалар клубы жабылып қалуы мүмкін.

Өйткені биыл қаржыландыру көлемі қысқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шешімге жаттықтырушылар алаңдап отыр. «Себебі жас спортшылардың нәтижесі жаман емес», - дейді бапкерлер құрамы. Енді ойыншылар спорттық мансабын қайда жалғастырады?

Таяуда осы бір су спортынан балалар арасында өткен жарыста елордалық ұжым қарсылас шақ келтірмей, барлығын ірі есеппен ұтқан. Ешбір матчта есе жібермеген олар маусым айының соңында Кубок жеңіп алды. Ішкі біріншілік ойындарында да қатарластарынан оқ бойы озық екенін дәлелдеп, ел чемпионы атанды. Бірақ биылдан бастап демеушілердің бұл спорт түріне қызығушылығы бірте-бірте азайып бара жатқанға ұқсайды. «Әкімдік тарапынан да қаржылық қолдау бәсеңдеп отыр», - дейді клуб директоры Талғат Аяпбергенов.

Талғат Аяпбергенов, Су полосы спорт клубының директоры:

- Секциямызда 500 бала бар. Ішінен мықтыларын іріктеп, әртүрлі жас санаттары бойынша бірнеше команда жасақтадық. Олар әрдайым жүлделі орындардан көрініп жүр. Өзге өңірлермен салыстырғанда деңгейіміз өте жоғары. Бірақ дәл қазір қаржылық тапшылыққа тап болдық. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда биыл жыл басынан қаржыландыру көлемі 3 есе аз болды. Осы жылы көлемі 50 млн тг тең тендер ұтып алдық. Екінші жартыжылдыққа қарастырылған қаржы көлемі 40 млн тг. Бірақ бұл да аздық етеді.

«Осының кесірінен кейбір сайыстарға қатысудан бас тартамыз», - дейді Талғат. Сөзіне сүйенсек, наурыз айынан бері спорттық клуб қызметкерлері мен бапкерлердің жалақысын 20%-ке қысқартуға мәжбүр болған. Қазіргі таңда жиналып қалған қарыз көлемі 7,5 млн теңгеге жуықтайды.

Талғат Аяпбергенов, Су полосы спорт клубының директоры:

- Қарызымызды өтей алмасақ, жаттығуларға тегін қатысып жүрген құрама сапындағы балалар мен жасөспірімдер клубта қалуы үшін ай сайын 50 мың теңгеден төлеуі керек болады. Бұл соманы көпшілік ата-ананың қалтасы көтере бермейді.

Толыққанды жаттығулар үшін бассейн айына 288 сағат бойы жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда оны жалдау құны сағатына 50 мың теңгені құрайды. Бірақ спорт кешені әкімшілігі жағдайды түсініп, 20%-тік жеңілдік жасап отыр.

Айнагүл Рамазанова, көп балалы ана:

- Екі балам жасөспірім осы су добы секциясына барып жүр. Олимпиадалық спорт түрі. Егер де біз қазір сондай таңдауда болып жатсақ, біздің секция жабылып қалуы мүмкін, егер біздің мемлекеттің қаражаты көмек болмаса, біз жабылып қалуымыз мүмкін. Сонда не болады?!

Ал қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов жыл соңына дейін қосымша 100 млн теңге бөлінуі мүмкін деп сендірді.

Нариман Еламанов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда қаражат иә, былтырғы жылмен салыстырғанда жартыжылдыққа қарасақ ол аз, бірақ жылдың аяғына дейін біз ол көрсеткішті тағы да өсіреміз деген ойдамыз. Оның бәрі бюджетті нақтылау кезінде белгілі болады. Жартыжылдыққа биыл 90 млн тг көрсетілген. Қалған қаражат бюджетті нақтылау кезінде анықталады.

Өткен жылы әкімдік балалар су полосы спортына шамамен 120 млн теңге бағыттаған. Алайда локдаун салдарынан бірқатар жарыс кейінге шегерілді. Қаражат толық игеріле қоймады. Өзге өңірлерде демеушілермен қатар меценаттар бар.»Осы бір үрдіс елордаға да келсе екен», - дейді ата-аналар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев