«Қорқынышты түс сияқты»: Абылайхан Жүсіпов Токиодағы жеңілістен соң жанкүйерлерге рахмет айтты

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң жанкүйерлерге жазба арнап, әлеуметтік желіге жариялады деп хабарлайды Хабар 24 Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

«Иә, қорқынышты түс сияқты көрінсе де, біз үшін Олимпиада-2020 аяқталды. Қиын қыстау кезеңде кімнің дос, кімнің қас екенін анық көруге болады. Кезінде Құнанбай атамыз: «Жаңылмас, қате баспас хан бола ма? Тапжылмас, табан таймас жан бола ма?» дегендей, сүрінбейтн тұяқ болмаса да, армансыз адам бола ма?

Арманымыз әлі де алда, сеніміміз берік, ниетіміз таза. Жеңілгенді жер көтереді. Бүгін бізді жақындарымыз, жанкүйерлеріміз, халқымыз шын қолдап отыр. Осы адамдарға алғысымыз шексіз, адалдығымыз мәңгі.

Баршаларыңызға көп рахмет! Токиодағы барша қазақстандық спортшыларға сәттілік жолдас болуын тілеймін!», – деп жазды Абылайхан. 

Айта кетелік, кеше Токио Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде Абылайхан Жүсіпов америкалық Деланте Джонсонға есе жіберіп, турнирді бірінші айналымда аяқтады. 

 

Сондай-ақ...