Дәурен Елеусінов әзербайжандық қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты

Елорданың Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe-jek сарайында өтіп жатқан кәсіпқой бокс кешінде Дәурен Елеусіновтің жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған бокс кешінде қазақстандық Дәурен Елеусінов Әзербайжан боксшысы Әли Маммедовпен жұдырықтасты. Кездесудің басынан-ақ Қазақстан боксшысының айқын басымдығы сезіліп тұрды. 10 раундқа жоспарланған кездесудің үшінші раундында әзербайжандық боксшы басы мен бауырынан ауыр соққылар алып, алаңдағы төрешінің шешімі бойынша айқас мерзімінен бұрын аяқталды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі бокс кеші «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао жартылай орта салмақтағы IBO чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Отандасымыз бұған дейін 16 кездесу өткізіп, оның алтауын нокаутпен аяқтаса, оның қарсыласы 15 жеңісінің төртеуін нокаутпен тәмамдап, бір жекпе-жегін сәтсіз аяқтаған.