Еуропа чемпионаты: Қазақстан футзалшылары Какасыз алғашқы ойынын өткізді

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізді. Қарсылас – Словения құрамасы, деп хабарлайды «Хабар 24» prosports.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Словениямен кездесуге қатыса алмады. Ковид жұқтырған бапкер карантинде жатып команданың ойынын онлайн басқарды. Оның алаңдағы міндетін Сергей Коридзе атқарды.

Бас бапкерден бөлек бүгінгі кездесуге бірқатар ойыншылар қатыса алмады. Дәурен Тұрсағұлов пен Арнольд Кнауб ковид салдарынан ойынға шыға алмады. Ал ойыналды жаттығуында жарақат алған қорғаушы Леонардо Мендонка Да Роса үшін Еуропа чемпионаты аяқталды. Қатты тиген доптан оның оң білегі сынған.

Еуропа чемпионатының алғашқы матчы Қазақстан үшін қиынға соқты. Біздің құрама кездесу соңына дейін таразы басын теңестірумен болды. Ал екінші таймның соңында 4:2 есебімен жеңіліп тұрып, тең есепті жұлып алды.

Төрт күннен кейін біздің жігіттер Финляндиямен сынға түссе, екі дүркін Еуропа чемпионы Италиямен 28 қаңтарда ойнайды.

Қазақстан — Словения 4:4 (1:1)

Тотошкович 11 (0:1), Дуглас 16 (1:1), Фидершек 23 (1:2), Оразов 25 (2:2), Чех 31 (2:3), Турк 33 (2:4), Токаев 35 (3:4), Дуглас 39 (4:4)

Алаңнан қуылды: Акбаликов 12.