Төрт кениялық жеңіл атлет Қазақстан азаматтығын алды

Бүгінгі таңда кениялық жеңіл атлеттер Бахрейн, Катар, БАӘ елдерінің атынан өнер көрсетіп жүр.

Норе Джируте, Дейзи Джепкемай, Шэдрак Коэч және Каролин Кипкируи жаһандық аренада бәсекеге түсу үшін азаматтықтарын ауыстырды. Бұл туралы Pulse Kenya жазады, деп хабарлайды «Қазақ спорты».

Каролин Кипкируи 1994 жылы 26 мамырда дүниеге келген. Былтыр Катар астанасы Дохада өткен «Гауһар лиганың» алғашқы кезеңінде 3000 метрге жүгіруден жеңіске жеткен. Сол жарыста Кипкируи осы қашықтықтағы жеке рекордын жаңартқан болатын (8.29.05). Одан бөлек дәстүрлі Boost Boston Games халықаралық жарысында 5000 метрге жүгіруден топ жарған (15:55.24).

2017 жылы «Гауһар лиганың» қорытынды сайысында күміс жүлдеге ие болған. Дәстүрлі Ғ.Қосанов мемориалының 5000 метрге жүгіруден рекордын жаңартқан (15.14.17).

Норе Джируте 1995 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Лилле қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден (стиплчейз) чемпион атанған. 2017 жылы «Гауһар лиганың» Ослодағы (Норвегия) кезеңінде 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль жеңіп алған. Сол жылы қорытынды сайыста үшінші орынға табан тіреген. Былтыр «Гауһар лиганың» Шанхайдағы кезеңінде екінші орынға тұрақтаған.

Дэйзи Джэпкимэй – 1996 жылы 13 ақпанда дүниеге келген. 5000 және 3000 метрге кедергілер арқылы (стиплчейз) жүгіруге бейімделген. 2018 жылы «Гауһар лиганың» Шанхайдағы кезеңінде қола жүлдеге ие болды.

Жеке рекорды:

3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру – 9:19.68

2000 метрге кедергілер арқылы жүгіру – 6:15.12

3000 метрге жүгіру – 9:17.69.

Шэдрак Коэч – 1999 жылы дүниеге келген. Жас талантты спортшы. 17 жасында Ғ.Қосанов мемориалында тәжірибелі қазақстандық атлеттерден әлдеқайда мықтырақ екенін байқатты. Ол 5000, 10000 метрге жүгіруге бейімделген.