Астана EXPO-2017 көрмесі – тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалатын, естен кетпес, ерекше халықаралық шара. Мұндай пікірді Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері айтып отыр. EXPO-ны өз көзімен көруді олардың әрқайсысы армандады. Тіпті бір тамашалап, қызығына қанбаған Галина Нұртазинова Астанаға 4 рет келіп кеткен. Ол алғаш рет шараның ашылу салтанатына қатысқан. Кейін Германияның ұлттық күніне келді. Оған қоса EXPO қалашығындағы барлық павильонды аралап, жүзден астам елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабардар болыпты. Галина Нұртазинова, неміс-қазақ қауымдастығының басшысы: – Қазақстан осындай ауқымды, жауапты шараны өткізе алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Астана сәулетінің көз тартарлық көркін жаһан жұртына көрсетті. EXPO кешенінің жобасы да ерекше. Әсіресе түнгі Астанаға қанша қарасаң да, көз тоймайды.