385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ноттинг-Хилде Еуропадағы ең ірі карнавал өтті

  • 532
  • UPD: 14:39, 30.08.2017

Лондонның Ноттинг-Хилл ауданында Еуропадағы ең ірі карнавал өтті.

Ал әлем бойынша ауқымы жағынан ол Рио-де-Жанейродан кейін екінші орында тұр.

Найджел мен Дани соңғы дайындықтарын жасап жатыр. Карнавал костюмдерін әзірлеп, таңдалып алынған имиджге сәйкес беттерін ашық түстермен бояумен әлек.

Найджел Лайнден, карнавал қатысушысы:

– Көңіл-күйім тамаша. Күн жарқырап тұр. Керемет емес пе? Менің және құрбымның ойынан шығып жатыр.

Дани Мазден, карнавал қатысушысы:

– Бұл – менің карнавалға бірінші рет қатысуым. Барлығы жоғары деңгейде болады деп ойлаймын. Күндеріңіз жақсы өтсін.

Ноттинг-Хилдағы карнавалдың жартығасырлық тарихы бар. Бастапқыда фестиваль Ұлыбританиядағы афрокариб қауымына қарсы нәсілшілдікке жауап ретінде өткізілген. Тринидад және Тобаго аралдарынан шыққандар осы ауданда кездесіп, наразылықтарын мәдениеттері арқылы жеткізуге тырысқан. Қазір бұл тек көтеріңкі көңіл-күй мерекесі ретінде екі күн тойланады. Қатысушылар бір-біріне ашық түсті бояулар шашып, денелеріне әртүрлі майлар жағып әлек. Жалынды билер де жоқ емес. Халық көңіл-күйін көрсетуден мүлдем қысылмайды.

Карнавал жақында өртке оранған Grenfell Tower жанында өтіп жатыр. Ол кезде тілсіз жаудан 80-дей адам құрбан болған еді. Кейбіреулер мұны өліге деген құрметтің жоқтығына балап отыр. Бірақ қатысушылар өртеніп кеткен үйдің тұрғындарымен ақылдасқандарын айтып, ғибадат шарасын өткізді және қайтыс болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Ал бұл Ноттинг-Хилдің тұрғын үйлері. Көптеген тұрғын мереке күндеріне сәйкес үйлерін жауып, әлдеқашан кетіп қалған. Вандалдардан қорыққан дүкен иелері болса, ғимараттарын тақтаймен көмкеріп шегелеп тастаған. Шынында да фестиваль өте қауіпті саналады. Өткен жылы қылмыс ерекше өршіген. 500-ге жуық адам тұтқындалып, олардың 90-ы қарумен ұсталған.

Алекс Дэю, карнавал қатысушысы:

– Өздерін қауіпсіздендіру үшін кейбір дүкендер жабық тұр. Бірақ меніңше, карнавалдан қорықпау керек. Бұл жерде музыка, би, тамақ және ішімдік бәрі бар. Адамдар мұнда көңіл көтеру үшін келеді.

Айта кету керек, жиілеп кеткен лаңкестік әрекеттерден кейін биыл полиция қауіпсіздік шараларын ерекше күшейтіп отыр. Бірақ қалай болғанымен, карнавалды өткізуде шектеу жоқ. Ұйымдастырушылар фестиваль қоғамды біріктіретін емен-жарқын және достыққа жетелейтін жағдайда өтіп жатқанын айтады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы