БҰҰ: АҚШ салатын санкциялар йемендіктерді аштыққа ұрындырады

Мұндай есепті Дүниежүзілік банк анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни бұл адамдардың асыраушысы сыртта жұмыс істеп, табысын сол жақтан аударады. Сонымен қатар шетелдік қорлар жағдайы төмен жандарға қаржылай жәрдем жібереді. Бірақ бұл көмектің бәрі енді сап тыйылуы мүмкін Себебі жақында АҚШ билігі араб еліндегі оппозициялық «Хути» қозғалысын 19 қаңтардан бастап террористік ұйымдар тізіміне қосатынын мәлімдеді. Бұл шешім Йеменнің қарапайым азаматтарын қатты алаңдатып отыр.

Хамод Әл-Одини, дүкен иесі:

– АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті қабылдайтын бұл шешім кәсіпкерлердің коммерциялық іс-қимылына тосқауыл қойып, банк операцияларын тоқтатып тастайды. Осы елге келетін және сыртқа жіберілетін ақша аударымдары да, импорт та өте қиын жағдайға тап болады. Мұның зардабын қарапайым халық тартады.

Йосра Абдулла, жергілікті тұрғын:

– Өзім де, отбасым да шетелден келетін ақшаға толықтай тәуелдіміз. Сауд Арабиясында, АҚШ-та және басқа елдерге тұратын бас көтерер туыстарымыз бар. Бізді солар асырайды. Егер аталған шешім түпкілікті күшіне енсе, отбасымызға үлкен ауыртпалық түседі.

Йеменде 2014 жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр. Батыс елдері Иранның қолдауына ие деп санайтын оппозициялық «Хути» жасағы қазіргі билікке қарсы күресуде. Осы алауыздықтың кесірінен араб мемлекетінің экономикасы құлдырап, 28 миллион халықтың 80 проценті өз бетінше күн көре алмайтын жағдайға жеткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері АҚШ салатын санкциялар йемендіктерді аштыққа ұрындырады деп дабыл қағуда.

Аднан Шибан, тегін ас беретін орталық басшысы:

– Бізге шетелден заттай да, қаржылай да көмек келеді. Бірақ елде қарулы қақтығыс басталғалы бұл іс көп кедергіге тап болды. АҚШ билігі аталған шешімді қабылдаса, жағдай одан сайын ұшықпақ. Бізге онсыз да азық-түлік жетіспейді.