Чехияда жасалған вирусқа қарсы нано-орамалдар сәнге айналуда

Чехияда жасалған нано-орамалдар әлемдік сән әлемінде нағыз төңкеріс жасауы мүмкін.

Жергілікті тігіншілердің қолынан шыққан өнімде стиль мен эпидемиологиялық қауіпсіздік әдемі үйлесім тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирусқа қарсы матадан жасалған орамалды бетперденің орнына қолдануға болады. Тіпті осы нано-өнімге Ұлыбритания, Испания, АҚШ пен Сауд Арабиясы да қызығушылық танытып отыр.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Наноталшықтардың жарғақшаларынан жасалған орамалдар ауа арқылы таралатын ең ұсақ деген бөлшектердің 99%-ін ішке өткізбей, сүзіп алады. Осылайша, инновациялық өнім адамды вирус пен бактериядан қорғайды. Қазіргі індет талабына сай дайындалған тауарға Еуропа, АҚШ, Канада және Сауд Арабиясының компаниялары тапсырыс беріп үлгерген.

Гелена Чакова, тігін өндірісінің шығармашылық директоры:

- Идея аяқ астынан келді. Мұндай тосын процесс сән әлеміне тән. Прагадағы зерттеу институтының ғалымдары матаны өңдеуге көмектесті. Сондықтан бізде бәрі талапқа сай таза жасалған. Орамал бір жағынан өте сәнді. Біздің өнімге Праганың денсаулық сақтау бөлімі мен полиция сапа белгісін береді.

Бұл жоба негізі өткен жылдың ортасында қолға алынған. Дәл сол кезеңде Чехияда респираторлар жетіспей жатқан болатын. Өнімге сұраныс бірден артып, компанияның табысы 50 есе өсті. Осылайша компания 5 миллионнан астам еуро пайда тапты әрі әлемге танылды.

Иван Вондрачук, Прага полициясының бақылаушы аға инспекторы:

- Біз экспортқа шығарылатын тауардың сапасын қадағалаймыз. Нано-орамалдардың сүзгіштік қасиеті респираторлардан кем емес. Чехияда бетперде киюге қарсылық көп, тіпті соңғы күндері наразылық шаралары күшейіп кеткен. Енді бұл мәселені сәнді орамал шешеді деп сенемін.

Қазір күніне вирусқа қарсы орамалдың мың данасы өндірілуде. Тігіншілер бұған дейін де дәрігерлермен бірлесе жұмыс істеген еді. Індетке дейін осы орамалға ұқсас өнімдер онкологиялық және автоиммундық ауруларға шалдыққан адамдарға арналып жасалған болатын.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Александр Грэс