Германия халқының 20%-і мамырға дейін вакцина салдырады

Германия халқының 20%-і мамыр айына дейін вакцина салдырады.

Бұл туралы осы елдің Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан мәлімдеді. Шпанның айтуына қарағанда, бұған дейін тұрғындардың 10%-і екпенің бірінші дозасын алып үлгерген.

Йенс Шпан, Германияның денсаулық сақтау министрі:

- Бізге тақауда вакцинаның жаңа легі жеткізілуі тиіс. Сөйтіп, айына тұрғындардың 10%-ін ексек деп ойлаймыз. Сосын екінші тоқсанда вакциналау қарқынын арттырамыз. Осы аптадан бастап жаңа вакциналау орталықтарын ашамыз.

Берлинде жүздеген адам шеруге шықты. Олар коронавирус індетінің үшінші толқынына байланысты енгізілген шектеулерге қарсы наразылық білдірген. Ереуілшілер жаңа шаралар олардың құқығын таптайды деп шағымданады. Бұл елде 1 сәуірден бастап кешкі 9-дан таңғы 5-ке дейін артық ауыс адамның жиналуға тыйым салынған еді.