Қырғызстан үкіметі канадалық компанияға $4,25 млрд айыппұл салды

Қырғызстан үкіметі канадалық «Кумтор голд компани» кәсіпорнына 4 миллиард 250 миллион доллар айыппұл салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік инвестор елдегі алтынның ең ірі кен орнын игеріп жатыр. Ал жергілкті билік өкілдерінің пікірінше компания өз жұмысында экологиялық талаптарды бұзған. Бұл іс халықаралық деңгейдегі дауға айналуы әбден мүмкін.

Қырғызстан экологтарының канадалық компанияға таққан басты айыбы – мұздықтардың бұзылуы. Арнайы депутаттық комиссия алтын өндіру кезінде пайда болатын улы қалдықтар мұздықтар аймағын қаттап тастағанын анықтаған. Осылайша, жүздеген миллион тонна игерілген таулы жыныс Лысый және Давыдов мұздықтарының біртіндеп азаюына әкелді. Сондай-а, улы қалдықтар Әмудария және Сырдарияға кеп қосылатын Нарын өзеніне түсуі мүмкін.

Динара Кутманова, Экология және климат бойынша мемлекеттік комитеттің төрағасы:

- Комиссия құрамында осы кен орнында болдық. Ұлттық заңнамамыз және мемлекеттік бақылаушы органдар бұл компанияның іс-әрекетін бақыламай, еркіне жібергендіктен, экологиялық қауіп арта түсті.

Әлемдегі ең ірі алтын кен орындарының бірін шетелдік инвестор 1997 жылдан бері игеріп келеді. Канадалық компания – елдегі ең ірі салық төлеуші. Оның өндіріс көлемі Қырғызстанның Жалпы ішкі өнімінің 10%-ін құрайды. Компанияға тиесілі кәсіпорындарда 3 мыңдай адам еңбек етеді. Қызметкерлерінің 97%-і жергілікті тұрғындар. Десе де, «Алтын игеруден Қырғызстанға түсетін табыс неліктен аз? Экологиялық ахуалдың нашарлауына кім жауап береді?» деген мәселелер он бес жыл бойы Үкімет пен Парламентте, және қоғамда көтеріліп тұрады. Бірақ канадалық инвестор мұндай кездерде билікпен өзара келісіп келген. Бұл жолы компанияға үлкен көлемде айыппұл салынды.

Ақылбек Жапаров, Парламент депутаты:

- Міне, екі айға жуықтады, басқарма басшылары орнында жоқ. Біздің мамандар ғана жұмыс істеп жатыр, ал «Кумтор голд компани» басшыларының кейбірі елу күн бұрын, кейбірі соңғы екі-үш аптада елден кетіп қалған. Қазір бұл жағдайды құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

Ақпарат құралдары компанияға көрсетілген қысымды үкіметтің стратегиялық кәсіпорынды ұлттандыру ниетімен байланыстырып отыр. Енді кәсіпорында сыртқы басқару жүйесі енгізіледі. Парламенттегі 120 депутаттың тоқсан бірі осы жүйені құптап, дауыс берген. Ал өз кезегінде канадалық компания Стокгольмдегі халықаралық арбитражға Қырғызстан үкіметін айыптап, шағым түсірді. Шетелдік инвестор сыртқы басқаруды алып тастаумен қатар биліктің әрекеті салдарынан келген шығынын қайтаруға ниетті.

Авторы: Бақыт Чермашев