Ғалымдар әлемдегі аптап ыстыққа байланысты дабыл қағып жатыр

Маусым айы Америка тарихында ең ыстық кезең болды.

Салдарынан орман алқаптары отқа оранып, тұрғындар қуаңшылық зардабын тарта бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар «ауа температурасының бұлай ысуы климаттың өзгеруімен тікелей байланысты», дейді.

***

Чехияда тасқын судан 2 адам көз жұмды

Чехияда ойран салған қатты жел мен нөсер жауын жергілікті халықты әуре-сарсаңға салды. Писек қаласында екпінді желден ағаштар құлап жатыр. Салдарынан екі адам көз жұмып, тағы екі бала жарақатпен ауруханаға түскен. Ал тасқын судан аймақтағы теміржол қатынасы тежелген.

***

Нөсер жауын Нью-Йорк тұрғындарын әбігерге салды

Төпелеп жауған нөсер Нью-Йорк тұрғындарын да әбігерге салды. Манхэттендегі метро станциясында судың деңгейі белуарға дейін жетеді. Қала көшелерін де су басып, аймақта көлік қатынасы тұралады. Мамандар күн райының өзгеруін «Эльза» дауылымен байланыстырады. Өз кезегінде жергілікті билік аймақтағы апатқа байланысты тұрғындарды үйден шықпауға шақырып жатыр.

***

Калифорниядағы аптап ыстық қуаңшылыққа әкелуі мүмкін

Ал Калифорнияда орман өрті күшейді. Жалын өткен жұма күні орманға жай түскеннен басталған. Сөйтіп, құрғақшылықтан қурап тұрғын ағаштар тез тұтанып, қатты желдің салдарынан өрт тарап кеткен. Мамандардың айтуынша, биылғы жаз АҚШ-тың батыс жағалауы үшін өте ыстық болады. Тіпті сынап бағанасы рекордтық көрсеткішке жетіп, қуаңшылыққа әкелуі мүмкін.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

- Аймақта құрғақшылыққа байланысты штат аумағындағы 58 округтің 50-інде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындарды суды үнемдеуге шақырамыз. Былтыр Өлім алқабында 54 градустан жоғары температура тіркелді. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Алдағы демалыс күндері ауа температурасы 53 градусқа жетеді деген болжам бар. Бұл климаттың өзгеруімен байланысты.

***

Аптап ыстық ресейліктерді де алқымнан алып тұр

Санкт-Петербургте күннің шыжығаны сонша, жолдар жарылып жатыр. Ал мәскеуліктер сая іздеп, су жағалап жүр. Әдетте адам аяғы аз болатын субұрқақтарда жұрт қарасы көп.

Синоптиктер мұндай аптаптың алдағы күндері де сақталатынын айтады. Осыған байланысты төтеншеліктер азаматтарды мейлінше сақ болуға шақырып, көбірек су ішуге кеңес беріп жатыр.

Маргарита, жергілікті тұрғын:

- Өте ыстық. Сынап бағанасы +25 градусты көрсетсе, керемет болар еді. Ал мынадай ыстықта күйіп кетпес үшін крем жағуға мәжбүрміз. Бүгін далаға бас киімсіз шығып ем, енді соған өкініп отырмын.

Қазір ғалымдар аптап ыстыққа байланысты дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, әлемдік климат өзгерісіне антропогенді факторлар әсер етпегенде Батыс елдері ми қайнатар ыстықты көрмес еді. Ал енді мұндай жағдайлар жер бетінде жиілей түсуі әбден мүмкін екен.

Сондай-ақ...