Өзбекстанда екпе жасатпағандар жұмыстан шеттетіледі

Өзбекстанда екпе салдырмағандар жұмыстан шеттетіледі. Тиісті заңға жуырда көрші ел Президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды.

Тағы жаңашылдыққа сәйкес бас мемлекеттік санитарлық дәрігер инфекциялық аурулар өршіген жағдайда, міндетті вакциналау шарасын енгізуі мүмкін. Өзбекстандағы қазіргі эпидаухал аса мәз емес.

Бүгін екпе алуға келгендердің бірі – Александр Кариков. Ташкент қаласының тұрғыны күзет қызметінде жұмыс істейді. «Коронавирусқа қарсы екпе жасатуға ешкім мәжбүрлеген жоқ. Қазіргі қысылтаяң шақта әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, өз еркіммен шешім қабылдадым», – дейді.

Александр Кариков, Ташкент қаласының тұрғыны:

– Вакцина алуды өзім шештім. Өйткені қазір таныстарымның көбі инфекция жұқтырған. Ал мен жұмыс бабымен көптеген адамдармен тығыз байланыстамын. Сондықтан өз денсаулығымды сақтау үшін Модерна екпесін алдым. 29 күннен кейін екінші компонентке келемін.

Негізі иммундау шарасы аясында Өзбекстанда 4 түрлі вакцина қолданылуда. Олар: COVAX бағдарламасы аясында елге жеткізілген Aztra Zeneca мен Moderna екпелері және ресейлік Спутник V мен қытайлық вакцина ZFUZ. Қазіргі таңда елде екпе алған азаматтардың саны 8 млн 300 мыңнан асты.

Азизбек Низамов, Алмазар аудандық медицина қауымдастығының бастығы:

– Қазір жасы 18-ден асқан азаматтарға екпе жасалып жатыр. Тұрғындар өз еріктерімен вакцинаны таңдай алады. Екпе тегін жасалады. Балаларға және де жүкті әйелдерге вакцина егілмейді. Оларға тек дәрумендер ғана береміз.

Жуырда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев елде міндетті вакциналау жөніндегі заңға қол қойды. Енді екпе алмаған азаматтар жұмыстан шеттетілетін болады. Бұл аралықта оларға жалақы төленбейді.

Жалпы міндетті екпе жасатудан бас тарта алатын азаматтардың да санаты бар. Бұл тізімге медициналық көрсеткіштерге байланысты вакцина жасатуға болмайтындар, 6 ай ішінде коронавируспен ауырып шыққандар мен жүкті әйелдер кіреді. Олар міндетті түрде ПТР тест тапсырып отырулары қажет. Бұл тест Өзбекстан азаматтары үшін тегін жасалады.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов