АҚШ-та екпе салдырмаған 238 студент оқудан шеттетілді

Екпе алмаған жастарға АҚШ-та қатал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір штатта 200 студент оқудан шеттетілсе, енді бір өңірде вакцина салдырмаймын дегендер апта сайын айыппұл төлейді. Ұлыбританиядағы Хартпери колледжі екпесі жоқ студенттерді жатақхана жолатпайды. Сөйтіп сырт елдер оқуды қалай бастамақ? Бір елдер қысымды көбейтсе, бір елде студенттер емін еркін жүр. Талап қандай, таразы басы неге тең емес?

АҚШ-та студенттердің барлығы коронавирусқа қарсы екпе салдырсын деген талап жоқ. Әр штат, соның ішінде әр оқу орны вакциналауға қатысты шешімді өздері қабылдайды. Мәселен, Коннектикутта университеттердің бірі студенттерге ескерту жасады. Мұнда екпе салдырмаған 600-ге тарта адам бар екен. Егер олар 14 қыркүйекке дейін препарат қабылдамаса, айыппұл төлейді. Алғашында аптасына 100 доллар төлесе, кейін бұл сома екі есе артады. Сөйтіп бір семестрде студенттердің қалтасы 2300 долларға қағылуы мүмкін. Бұл теңгеге шаққанда, 1 миллион шамасында. Одан бөлек, екпесі жоқ азаматтар кампус аумағындағы wi-fi-ды пайдалана алмайды. Ал Вирджиния штатындағы университет басшылығы тіптен қатал. Мұнда белгіленген межеге дейін вакцина алғанын растамаған 240 студент оқудан шеттетілді. Батыс Вирджиния штатында коллелдж басшылығы екпе қабылдамағандар үшін 750 доллар көлемінде бір реттік алым енгізген. Ол ақша ПТР-тестке және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жаратылады. Сөйтіп бір штатта екпе алмағандардың басына қара бұлт үйірілсе, енді бірінде студенттер тайраңдап жүр. Себебі шектеу жоқ. Алабама шатында оларды вакцина салдыруға ынталандыру үшін лотерея ойнатылады. Бұл арқылы жастар асханада тегін тамақтана алады. Немесе оқу ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған.      

Ашылған мектептер қайта жабылды

Осы АҚШ-та қазір біраз өңірде жаңа оқу жылы басталып кетті. Алайда ашылғанына көп болмай, кейбірінде балалар гидридті оқу жүйесіне көшуге мәжбүр болған. Өйкені вирус жұқтыру деректері көбейген. Мәселен, Джорджия штатында оқушылардың 40 проценті карантинге жіберілген. Енді өңір мектептері 13 қыркүйекке дейін онлайн оқиды. Негізі кейінгі уақытта АҚШ-та балалар арасында вирус жұқтыру жағдайлары көбейген. Соңғы 2 аптада мектеп жасындағы әр 100 баланың біреуінде ПТР-тест оң нәтиже көрсетті.  

Джим Риггс, мектеп директоры:

– Пандемия ешқайда жоғалған жоқ. Сондықтан біздің басты міндетіміз – балалар мен мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол үшін ғимарат ішінде барлығы бетперде киіп жүруге міндеттеледі. Сондай-ақ ара қашықтық та сақталу керек.

Екпе салдырмаған студенттер жатақханаға кіре алмайды

Ұлыбританиядағы әр мектепте әр түрлі ереже. Мәселен, Шотландияда оқушылар мен мекеме қызметкерлеріне бетпердесіз жүруге болмайды. Бір метр қауіпсіз қашықтық сақтау керек. Англияда керісінше, енді маска кимеуге болады. Оны тек мектеп автобусында талап етуі мүмкін. Корольдікте жоғары оқу орындарында да әр түрлі талап қойылады. Мәселен, Хартпери университетінде екпе салдырмаған студенттерді енді жатақханаға жолатпайды. Сонымен қоса қыркүйектен бастап олар спорттық не өзге де іс-шараларға қатыса алмайды.

Оқушылар екпені мектепте салдыра алады

Ал Израильде қыркүйектен бастап 12 жастан асқан оқушылар мектеп қабырғасында коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады. Ол үшін ата-анасының рұқсаты болуы қажет. Негізі елдегі вирус жұқтыру деректерінің өсуіне байланысты жаңа оқу жылын онлайн форматта өткізу туралы ұсыныстар жиі талқыға түскен-тін. Бірақ соған қарамастан, 1 қыркүйектен бастап балалар сабақты мектепте оқитын болды. Өз кезегінде мектеп қызметкерлері жұмысқа кіру үшін вакцина алғанын растайтын сертификат немесе теріс нәтижелі тест анықтамасын ұсынулары қажет. Мұнда қазір мұғалімдерде коронавирусқа қарсы екпенің үшінші дозасын салдыру мүмкіндігі бар. 

Джилл Вираж, мұғалім:

– Мен кішкентай балалармен жұмыс істемеймін. Олардың арасында жасы әлі 12-ге келмегендер бар. Яғни олар вакцина салдыра алмайды. Оқушылардың алдындағы жауапкершілігімді жақсы сезінемін. Сондықтан екпенің үшінші бустерлік дозасын салдырамын деп шештім.

Жалпы, қазір көп ел мұғалімдерді екпе салдыруға міндеттеді. Мәселен, Египетте жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары вакцина қабылдауға тиіс. Ал Пәкістанда тиісті талап білім беру мекемелерінің қызметкерлері, студенттер мен жасы 17-ден асқан оқушыларға қойылады. Ал оны орындаудан бас тартқандар 15 қазаннан бастап мектеп пен университетке кіре алмайды.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...