437,98 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аралға пойыз келгенде жалғыз өткелге күні қараған халықта жанталас басталады

  • 431
  • UPD: 09:30, 20.02.2020

Соңғы 3 жылда Қызылорда облысындағы темір жолдардың бойында 25 адам мерт болған. Ортасынан шойын жол кесіп өтетін Арал қаласында арнайы өткел мәселесі өзекті боп тұр. Пойыз келген уақытта көлік кептелісі 3 шақырымға созылады. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі де өте алмай ұзақ тұрады.

Темір жолдың бергі бетіне 22, ал арғы жағына 20 мыңдай халық қоныстанған. Жергілікті жұрттың әрі-бері қатынайтын жалғыз өткелі осы. Аурухана, перзентхана мен өрт сөндіру бекетінің мамандары шақыртуларға дер кезінде жетуге көпір немесе өзге өткелдің жоқтығы қолбайлау болып тұрғанын айтады.

Ринат Базаров, жедел жәрдем қызметінің маманы:

- Көпір керек бізге, шақыртуға кешігіп қаламыз. Өткелден 2 пойыз өтіп жатса біраз тұрып қаламыз.

Мұрат Жиенбаев, Арал аудандық ТЖБ басшысы:

- Жыл сайын автокөлік көбейіп келе жатыр. Арал қаласындағы өткелде көп машина жиналып қалады. Өрт оқиғасы кезінде өте алмай қалу ықтималдығы жоғары. Бірақ қазіргі таңға дейін ешқандай ондай дерек болған жоқ. Өткел жабылатын кезде алдын ала хабарланып, арғы бетке 1 машина шығарып жұмыс істейміз. Бірақ негізі кедергі бар. Үстінен өтетін көпір болса жұмысымыз жеңілдер еді.

10 жылдан бері дүркін-дүркін көтерілген мәселені жергілікті билік саралап, сараптап көріпті. Алайда аспалы көпір салуға аудан тіпті облыс бюджетінің шамасы жетпейтін көрінеді.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

- Техника экономикалық негіздеме құжаттарын жасауға аудандық бюджеттен 9,8 млн тг қаржы бөлдік. Наурыз айының аяғында экспертиза қорытындысы шығады деп жоспарлап отырмыз. Жоба-сметалық құжаттарын жасау 55-60 млн теңге көлемінде шығуы мүмкін. Оны облыстық бюджеттен қаржыландыру қажет. Ал құрылыс жұмыстарының құны шыққаннан кейін республикалық бюджетке ұсынатын боламыз. Республикадан қаржыландыру керек.

Жалғыз өткелдің ашылып-жабылуын аңдыған аралдық ағайын жоғарыдан келетін пәрмен тағы 10 жылға созылып кетпесе деген тілек білдіреді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы