Шымкентте жемқорлыққа қарсы күрес әдістері талқыланды

Жемқорлыққа қарсы қызметке жаңа өкілеттік берілді. Әкімшілік Кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес олар енді билік өкілдері қарапайым тұрғындардан сыйлық алған жағдайда айыппұл сала алады. Мұндай құқық бұған дейін мемлекеттік істер жөніндегі департаментте болатын. Жемқорлыққа қарсы күрес әдістерінің осы және өзге де түрлері Шымкентте талқыланды.

Елімізде жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілікке тартылғандар саны жүздеп тіркелген. Қабылданған шараларға қарамастан парақорлықты түбегейлі жою мүмкін болмай тұр.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтеновтың айтуынша, сыбайластықпен нәтижелі күресуге мемлекеттік органдар мен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері күш біріктіруі қажет. Бұл жөнінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының кеңесшісі, «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісімен өткен кездесу кезінде айтылды.

Мұрат Айтенов, қала әкімі:

- Сыбайлас жемқорлық саяси және қоғамдық институттардың дамуына кері әсерін тигізіп, қаламыздың дамуына қауіп төндіруде. Мемлекеттік органдардың  қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап оларды жою және алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргізуіміз қажет.

Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр. Солардың бірі «Адалдық алаңы». Бұл бастама парақорлық пен осы сипаттағы заң бұзушылықты дер кезінде анықтап, әшкерелеуге мүмкіндік береді.

Сәдібек Түгел, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі:

- Миллиардтап ұрлайды. Бірақ қарасаңыз әртүрлі жолмен шығып кетеді. Шартты жазамен. Амнистиямен. Залог береді. Басқасы деген сияқты. Қазір Мемлекет басшысының былтырғы жылғы 6 қазандағы Жарлығымен заң өте қатайды. Бұл өте дұрыс деп есептейміз. 

Жемқорлыққа қарсы «Антикор» сервистік орталығы жобасы да өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мұнда мамандар парақорлыққа қатысты кез келген арыз-шағымды қабылдап жедел әрекет етуге дайын. Жобалық офис Шымкентте өткен жылы құрылып, қазір ел аумағы бойынша үздіктер қатарында.

Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов, Нұрмахан Мұсатов