Елорда саябақтары мен тұрғын үй кешендеріне 300-ден астам терек отырғызылды

Атадан мал қалғанша, тал қалсын дейтін елміз. Табиғатқа көрік, аулаға тыныс, жұртқа сая, құсқа ұя болса несі жаман.

Ағаш егу сауапты іс екені де жасырын емес. Бүгін елорда саябақтары мен тұрғын үй кешендерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 300-ден астам түп тал-терек отырғызылды.

Алдағы 5 жылда еліміздің орман алқаптарында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызу керек. Тапсырма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан берілді. Былтыр, 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Енді оның жүзеге асу кезеңіне келіп жеттік. Мысалы, бүгін Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы аумақ көгалдандырылды.

Абзал Жұматаев, ҚР ІІМ көліктегі ПД бастығының орынбасары:

– Бүгін 30-дан аса көлік полицейлері Мәңгілік ел даңғылында қала тұрғындарымен бірлесіп, 300-ден аса ағаш көшеттерін отырғызуда. Елге қызмет ету – біз үшін үлкен абырой. Басты мақсатымыз – елордамызды көркейтуге өз үлесімізді қосу. Сондықтан барша әріптестерімді осы шараға қатысуға шақырамын.

Жалпы жасыл желектің, тал-дарақтың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде маңызы зор екені белгілі. Тұрмыста қажеттілігі өз алдына. Бүгін сондай-ақ Триатлон паркінде «Отандастар қорының» ұжымы да ағаш егу сенбілігіне қатысты.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің орынбасары:

– Бұл бастамаға негіз болған біздің Елбасы Н.Назарбаевтың елорда аумағын абаттандыру бағдарламасы еді. Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасы да бар. Осы жылы қала әкімдігінің қолдауымен «Отандастар» аллеясын құру жоспары бар.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– «Бір тал кессең, он тал ек» деген керемет сөзді ұран етіп, бұл бастаманы Омбы, Ыстамбұл, Ташкент, Берлин және Киевтегі қандастарымыз да қолдап жатыр. Қаланың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Аға суғара берсеңіз болады.

Былтыр жоғарыда аталған қалаларда ашылған «Абай» мәдени-іскерлік үйлері Қазақстан мен шетелдегі отандастар арасындағы байланыстырушы алтын көпірге айналып келеді. Осылайша, әрбір мәдени-іскерлік үй 1 түп ағаштан отырғызды.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы, Диас Қовланбаев, Наурыз Базаров