Конструктор ойыншық балақайды ауыр дерттен айықтырумен қатар өмірлік хоббиіне айналды

Алматылық 11 жастағы Диас Мұратовқа қарасаң өмірге деген құштарлығың оянады. Белсенді балайқай кәсіби конструкторлар тобының жетекшісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері. Әрине бұл басқалар үшін айтарлықтай жетістік емес шығар. Ал 5 жыл ауыр дертпен арпалысқан Диас үшін биік шыңды бағындырумен бірдей. 

Қазір Диасқа қарап, қатерлі ісіктен айыққан десе, ешкім сене қоймас. Бірақ бұл шындық ата-анасына, туыстарына ғана аян. Дүниеге дені сау болып келген Диастан дәрігерлер үш жасында мидың қатерлі ісігін анықтайды. Балақай екі жылда үш ауыр операцияны басынан өткереді. Дәрігерлер ұзақ әрі ауыр ем-шаралар баланың жадына, сөйлеуі мен ойлау қабілетіне кері әсер етеді деп ескерткен.

Аида Артықбаева, Диастың анасы:

- Сол сәттер отбасымыз үшін, жақындарымыз үшін өте қиын болды. Күш-жігерімізді жинап емдеттік. Дәрігерлерге рақмет, баламызды аман алып қалды. Емдеу шараларынан кейін оңалту кезеңінде оны алдандыру қиын болды. Жүгіріп ойнағысы келеді. Бірақ оған болмайды. Содан кейін ағасы Диасқа құрастыратын ойыншық сыйлады. Біз уақытша алданатын шығар деп ойладық. Бірақ бұл Диастың ауруынан айықтыратын жол әрі өмірлік мақсатына айналды.

Моториканы дамыту мидың қызметіне игі ықпал ететіні белгілі. Содан болар Диастың есте сақтауы өте жақсы, зерек болып өсіп келеді дейді анасы. Ол қазір ойыншықтан түрлі заттар құрастырумен кәсіби түрде айналысады. Нәтижесінде 2020 жылы Ресейде өткен чемпионатта командасымен жеңімпаз болып, АҚШ-та өтетін шешуші сайысқа жолдама ұтып алады. Қазір 4-сыныпты аяқтаған Диас өзіне көмектескен әдіс өзге балалардың да денсаулығын жақсартатынына сенімді.

Аида Артықбаева, Диастың анасы:

- Ол жасы кіші болса да бізді көп нәрсеге үйретті. Өте бауырмал, өте мейірімді. Оның арманы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашу. Ол жерге балалар келіп тегін айналысса дейді. Диас өз басынан өткен соң құрастыратын ойыншықтың басқаларға да көмектесетініне сенімді.

Диас Мұратов:

- Болашақ орталығымды осылай елестетемін. Бұл ғимаратты құрастыруға 4 ай уақыт кетті. Бірнеше қабаттан тұратын бұл музейде ұсақ моториканы дамытып, сөйлеу қабілетін қалыпқа келтіруге болады. Тіпті жәй ғана ойыншық құрастырып, ойнауға болады. 

Диас болашақта конструктор немесе архитектор болуды армандайды. Ауыр дертті басынан өткерсе де жылдам оңалған оның өмірі өзгелерге үміт сыйлары анық.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев