Танымал қазақстандық қаржыгер, саясаткер Дәулет Сембаев қайтыс болды

Бүгін сексен жеті жасқа қараған шағында белгілі қаржыгер, мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Сембаев дүниеден озды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Дәулет Хамитұлы еліміздің Ұлттық банкін басқарды. Ұлттық валюта - төл теңгенің ел өміріне енуіне атсалысты. Ол 1998 жылғы зейнетақы жүйесі реформасының авторларының бірі.

Даулет Сембаев 1935 жылы Алматыда туған. Ол әр жылдары Үкімет басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық банк төрағасы қызметін атқарды. 1993 жылы теңгені енгізу бойынша Мемлекеттік комиссия мүшелігінде болды. Осыдан 28 жыл бұрын Дәулет Хамитұлы телеарна эфирі арқылы ұлттық валютамызды халыққа таныстырды. Кейін беделді экономикалық сарапшылар теңгені енгізудің арқасында ғана шарықтап кеткен инфляция өсімін тоқтатып, экономикалық дағдарыстан шығу мүмкін болды деп баға берді.

1994 жылы біз инфляция деңгейін төмендете алмадық. Сол жылы инфляция деңгейі 1260 процентке жеткен еді. Ал келесі жылы ол 58 процент қана болды. Сол сәтте теңгеге шаққанда шетелдік валюта бағамының өсуі де тоқтады. Экономика маңында жүрген кейбір адамдардың «Теңге құлдырайды, Қазақстанда коллапс болады» деген сәуегейлік пікірлері жоққа шықты.

Оразалы Сәбден, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:

– Теңге қабылданған уақытта, кризис болып жатқан уақытта Дәулет Хамитович Жоғарғы кеңесте көп болатын бізде. Сонда теңгені қалыптастыру үшін экономиканы жөндеу керек, өндірісті жөндеу керек. Өте қиын заман болды. Міне сол уақытта ол өте көп жұмыс істеді. Чилидің сол уақытта тәжірибесі болды. Еуропа тәжірибесі. Міне солардың Жоғарғы кеңесте талай мәрте айтты. Дәулет Хамитұлы зейнетақы қорына да үлкен еңбек жасады.

1998 жылы Дәулет Хамитұлы Григорий Марченкомен бірге еліміздегі зейнетақы реформасын жасайды. Сол кезде ТМД аумағында ең алғаш болып жүргізілген бұл реформаны сарапшылар өте жоғары бағалаған.

Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– Дәулет Хамитұлының іскерлігінің, қажырлы еңбегінің арқасында еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалыптасты. Кейін ол кісі мемлекеттік қызметтен кеткен соң да белсенділігін жоғалтқан жоқ. Қаржыгерлер қауымдастығын құрды. Оның адамдарды ортақ іске ұйымдастыру қабілеті де зор болатын. Әріптестері мен саясаткерлер пікіріне үнемі құлақ түретін. Оның өмірлік тәжірибесі, әсіресе жас қаржыгерлерге үлгі болады.

Білікті қаржыгер Дәулет Сембаев Ұлттық банкті басқарған жылдары өзіндік макроэкономикалық саясат қалыптаса бастайды. Сол уақытта еліміздегі салық, бюджет пен банк жүйесін, нарық пен нарықтық инфрақұрылымды дамыту әрі реттеуге арналған нормативтік-құқықтық базаны жасау қолға алынады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбай