«100 шақырым+» челленджінің бас жүлдесі кімге бұйырды?

«Жүз шақырым+» онлайн жүгіру челленджі өз мәресіне жетті.

Мыңнан үздік шығып дараланған жеңімпаздар «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Бүгін» бағдарламасында тікелей эфирде анықталды. Оларға жалпы қоры 1 жарым миллион теңге болатын сыйақы табысталды. Игі бастамаға, «Хабар» Агенттігі мен Спорт, туризм және экология қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Марафонға республика бойынша 1500-ден астам адам қатысты. Олар 2 ай бойы спортпен шұғылданып, 100 шақырым қашықтықты жүйелі түрде еңсерді. Бес үміткерге 100 мың теңгеден үлестірілді. Ал бас жүлде химия пәнінің мұғалімі Нұрбай Нұрсапаға бұйырды. Салауатты өмір салтын ұстанған ұстаз сыйақысының бір бөлігін қайырымдылық мақсатқа жұмсамақ.

Нұрбай Нұрсапа, марафон жеңімпазы:

- 3-те тікелей эфир болатынын білемін бір кезде сағатымды қарасам 15:30 болып қалыпты сосын ашып қарасам менің атым шығып жатыр анда Нұрбай деп. Өзім таңқалдым, бәрі жазып жатыр құтты болсын деп. Сөйтсем ол жерде жеңімпаз мен болып жаттым. Бізде салауатты өмір салтын сақтау бойынша орта жасымыз сәл төменірек енді салыстырмалы түрде. Соны көтеру үшін жүгіру ең тиімді қолжетімді спорт. Сондықтан осындай іс-шараның алдағы уақытта жалғасқанын қалайтын едім.