Елордада Бейжің Олимпиадасына аттанған спортшыларды қолдау шарасы өтті

Елордадағы орталық саябаққа серуенге шыққан тұрғындар ерекше қойылымды тамашалады деп хабарлайды Хабар 24 қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Саябақта Бейжің Олимпиадасына аттанған қазақстандық спортшыларды қолдау үшін мұз үстінде би билеу іс-шарасы ұйымдастырылды. Елорда тұрғындары мен қонақтары төрт жылдықтың басты бәсекесіне аттанған отандастарымызды қолдауға арналған флешмобтың куәсі болды. Ерекше өткен жиынға қатысушылар әсерлі биімен Қазақстан құрамасының жетістіктерін еске салды.

Іс-шараны ұйымдастырушы Нұржан Нұрғабыловтың айтуынша, мұз айдыны сәнді шыршамен, орындықтармен безендірілген. Спорт адамға физикалық тұрғыдан ғана емес, қосымша рух беріп, патриотизм сезімін тәрбиелейді, сонымен қатар сергектік те сыйлайды.

Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дарменияр Қыдырбекұлы көптеген қала тұрғыны қысқы спорт түрлерін ұнататынын, сондықтан олар орталық саябақтың мұз айдынына Қазақстанның Олимпиада құрамасын қолдау үшін іс-шараға арнайы келгенін атап өтті.

«Біздің ауданда соңғы үш жылда тұрақты негізде Esil Winter фестивалі өткізіліп келеді, ол шаңғы, коньки тебу және скандинавиялық серуендеу сияқты қысқы спорт түрлерін қала тұрғындары арасында танымал етуге арналған. Жыл сайын спорттық іс-шараға елорда тұрғындары мен қонақтары көбірек қатысады. Біздің мақсатымыз – азаматтарды, әсіресе жастарды қысқы спорт түрлеріне баулу. Жаратушы бізге қыстың ләззатын сезіну бақытын берді. Сол үшін қолайлы жағдай жасалуы керек», – деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дарменияр Қыдырбекұлы.