Елордада қай жерде маса улап жатқанын мобильді қосымшадан білуге болады

Нұр-Сұлтан қаласында шыбын-шіркейге, масаға қарсы дезинсекция жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мамандар қаланың саябақтарын, бос аумақтарды арнайы ерітіндімен өңдеді. Өңдеу жұмысы шыбын-шіркей мен масаның санын азайтумен ғана шектеледі. Оның барысында ұсақ жәндіктер жойылып кетпейді. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы  26 сәуірде қаланың сыртындағы су қоймаларын өңдеуді бастады, қазіргі уақытта қаланың ішкі аумақтарын өңдеуге кірісіп, шыбын-шіркейге қарсы дезинсекция жұмысын жүргізіп жатыр. «Бұл жұмысқа 150-ден аса маман, 4 дезмашина жұмылдырылды. Сол сияқты термогенератормен жұмыс істейтін 4 бригада болады. Қаламызды 150 учаскеге бөлдік. Осы 150 учаскеде 10 бригада жұмыс істейтін болады. Әрқайсысында 9-10 адам бар», – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Сондай-ақ биыл қала тұрғындары E-Knot қосымшасы телефонына жүктеп алғаны жөн. Осы арқылы қаланың қай тұсы қай уақытта өңделетіні ескертіледі.