«Қостанай таңы» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толды

Биыл облыстық «Қостанай таңы» газетінің жарық көргеніне 100 жыл. Ғасыр биігіндегі басылымның мерейтойы қазақтан шыққан тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Салтанатты шараның шымылдығы театрландырылған тарихи көрініспен түрілді. Қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин бастап, жазушы Бейімбет Майлин қостап, басылым 1922 жылы «Ауыл» газеті болып жарық көрді. Сөйтіп, егемендік алғанымызға дейін атауы 8 рет өзгеріп, ақыры «Қостанай таңы» деген атпен таралды.   

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Газетіміз еліміздің талайлы тағдырын халқымен бірге кешті. 20-ғасырдың өзгерістерін де, төңкерісін де, Ұлы Отан соғысын да, тоқырауды да көрді. Беттерінде репортаж бен публицистиканың нағыз шеберлері, Алаш арыстары, белгілі саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері басылды.   

97 жастағы майдангер Қасымхан Алдабергенов газеттің замандасы. Ол қара шаңырақта табаны күректей 23 жыл қызмет етті. Іс-шарада ардагер журналиске құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. 

Қасымхан Алдабергенов, ардагер журналист:

- Газетті үзбей оқып отырамын. Ризамын. Қазіргі жастардың қалам сілтеуі. Тақырып қоюына. Тапқырлығы сондай жан-жақты жазуы. Әдеби беттер бар.  

Жастар демекші, қазіргі кәсіби бірталай журналистің алғашқы мақаласы осы «Қостанай таңында» басылды.   

Амангелді Шөрентаев, ҚӨУ Журналистика кафедрасының меңгерушісі:

- 1996 жылы біздің журналистика мамандығы ашылғаннан бері осы қара шаңырақ «Қостанай таңымен» тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Қазіргі кезде айта кету керек, осы редакцияда жұмыс атқарып жатқан журналистердің 85 пайызы осы біздің түлектеріміз.  

Таралымы 10 мың данаға жеткен «Қостанай таңы» – халық газеті. Өңірдің өсіп-өнгенін заман ағымынан қалмай жазды, жазып жүр, жаза да береді. 

Жанұзақ Аязбеков, "Қостанай таңы" газетінің директоры - бас редакторы:

- Бізде сайт әрбір 15-20 минут сайын өзгеріп отыр. Аптасына үш рет шыққан газеттің барлық номері цифрланған және олардың цифрлық нұсқасы барлық әлеуметтік желілерге салынған.   Заманның ағымынан қалған дүниеден құтылып, біз неғұрлым оқырманмен, оқырманның талап-тілегімен санасып отырған жағдайымыз бар.   

Редакция ұжымы мерейтойлық іс-шаралар легін жыл соңына дейін атап өтеді. Жақын арада газеттің шежірелі тарихы туралы екі кітап жарық көреді.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...