Қызылорда облысының тұрғындарын толғандырған мәселелер ескерусіз қалмайды

Тұрғындарды толғандырған мәселелер ескерусіз қалмайды.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарында болып, 400-дай сырбойылықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Бұған дейін жаңақорғандықтар мен аралдықтар да аймақ басшысына тікелей сауал қоюға мүмкіндік алған болатын. Тұрғындардың талап-тілегін талқылауға облыс прокуроры мен сот төрағасы, полиция және кірістер мен экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшылары қатысты.

Сырдария ауданындағы қабылдауда 84 азаматтың өтініші қаралды. Жергілікті азаматтар негізінен жұмысқа орналасу және ауыларалық жол мәселесін көтерді. 

Дәулет Қырдан, Сырдария ауданының тұрғыны:

- Қоғалыкөл мен Қызылорда арасындағы жол мәселесін көтеріп келдім. Кеңес өкіметінен қалған тозығы жеткен жолдар бар қалаға қатынарда. Осы мәселені облыс әкіміне айттық. Облыс әкімі аудан әкіміне тапсырма берді. Жоба дайындалып, облысқа ұсынылып, ары қарай облыс әкімі өз қадағалауына алатын болды.  

Ал жалағаштықтарды жер телімін рәсімдеу, жайылымдық алқаптарды егістікке ауыстыру және су тапшылығы проблемасы толғандырады екен. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Суды үнемдеу керек барынша. Ауыл шаруашылығымен айналысып, күріш егіп жатқан жігіттерге айтып жатырмыз жерді тегістеңдер, күріштің тез пісетін сортын қарастырып жатырмыз. Оған енді бірден көшіп кетіп кетуге болмайды, біртіндеп. Басқа елдерде тез пісетін сорттар бар. Бізге жерсінетін болса солардан алып келуге жұмыс жасаймыз. Сондай жан-жақты ғылыми жұмыстар жүргізу керек. Күріш бізге керек, халықтың дағдыланған негізгі бұрыннан келе жатқан тіршіліктің көзі. Оны біз екпей тұра алмаймыз. Көлемін азайта алмаймыз. Бірақ барынша суды үнемдеу керек.

Қармақшы мен Қазалыда өткен қабылдауда әлеуметтік көмек алу және тұрғын үйге қол жеткізу мәселелері шешімін тапты.  

Қожаберген Қалилла, Қазалы ауданының тұрғыны:

- Мәселем тұрмыстық, үй мәселесі ғой. Отбасылық жағдайыма байланысты сұрақ қойдым. Облыс әкімі шешіп берді. Рақмет көптен көп.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу» туралы Жарлығы аясында ұйымдастырылған қабылдауларда тұрғындар көтерген мәселелердің үштен бірі сол мезетте шешімін тапты.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин