Республика бойынша көлік жүргізушілерге 71 млрд теңге айыппұл салынды

Жыл басынан бері республика бойынша жолда жүру ережесін бұзған жүргізушілерге 71 млрд теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Ақтөбелік көлік иелері 1 млрд 300 млн теңгенің айыппұлын арқалапты. Дегенмен, бұл сандар қазіргі жағдайды нақты көрсетпейді. Осы өңір жолдарында 60 бақылау камерасы ғана орнатылған. Бұл заң бұзушыларды анықтауға жеткіліксіз. Ол жөнінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов халықпен кездесу барысында айтты. Жолдағы тәртіпті қалыпқа келтіру үшін «Сергек Қорғау» жүйесін енгізу қажет. Бұл жүйе бүгінде еліміздің 7 қаласында қолданылуда. Нәтижесінде осы аймақтарда ереже бұзатын жүргізушілер саны азайған. Бұдан бөлек  жолда жүру тәртібін жүйелі түрде бұзатындарға қатысты жазаны қатаңдату жоспарланған. Бұндай жүргізушілерге айыппұлдан бөлек, әкімшілік жаза тағайындап, жүргізуші куәлігінен айыру ұсынысы да айтылуда. Бұл бастаманы қазір ішкі істер министрлігі депутаттармен талқылау үстінде.

Марат Ахметжанов, ҚР ІІМ:

- Қорғау жүйесі қазір көлік ағынының ішінен ережені жүйелі түрде бұзатындарды, жалған нөмірмен және де сақтандыру куәлігінсіз жүргендерді де анықтай алады. Осы жүйенің жұмысының арқасында бүгінде 12 мыңнан астам көлік тоқтатылған. Бұл темір тұлпарлардың кейбірі ұрланған, жүргізушілері мас күйде немесе есірткі пайдаланған болып шықты.