Елімізде 93 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болды

Айдың, күннің аманында елімізде 93 әйел отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болды.

Бұл ішкі істер министрлігі берген соңғы 10 айдағы көрсеткіш. Белсенділер заң қатаймайынша, озбыр отағаларына жаза күшеймейінше, бұл бассыздық жалғаса беретінін айтады. Ал нәзік жандылар зәбір көрсе де  отбасындағы кикілжіңді жасыруға тырысады екен.

Әлия Қаппасова үйлі болғалы жан жарымнан жылу емес, зәбір көріп қажыдым деп отыр. Отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылықтың зияны балаға тие бастаған. Берекенің жоқтығынан бүлдіршін тұйықталып, күйзеліске түсіп кеткен. Бүгінде балам қатты дыбыстан шошып, есінен танып қалады дейді.

Әлия Қаппасова, жәбірленуші:

- Менде үрей пайда болды. Өйткені ол  бірнеше мәрте басымды жарды. Сол кезде мені өлтіреді ме деген қорқыныш болды. Ал 4 балам анасыз қала ма деген ой да келді. Бар күш-жігерімді  жинап, жолдасымнан кетіп қалдым. Бір рет қол көтерген адамның өзгермейтінін түсіндім. Мұндай сұмдыққа жол бермеу керек.

Мұндай оқиғалар күн өткен сайын көбейіп келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 10 айдың ішінде 794 дерек тіркеліп, 93 әйел қаза тапты. Жағдай ушығып бара жатқан соң, қаскүнем отағаларына жазаны қатайту жоспарлануда.

Анна Рыль, "Қорғау Астана" қорының төрағасы:

- Қазір тұрмыстық-зорлық зомбылықтың жәбірленушілері жастар. Яки 21, 23, 24 жастағылар. Бізде әйел құқықығы сақталмаған. Орталыққа көптеген келіншектер келіп, өз оқиғасымен бөліседі. Сонда қылмыскерлер жай ескертумен немесе 15 күнге қамауға жабылады. Содан кейін айыппұл салынып, қайта бостандыққа шығады. Бұл сұмдық қой. Мұндай қаскүнемдерге жаза қатаң болу керек.

Сарапшылардың пікірінше, әйелдердің басым бөлігі қатыгез жарларынан кете алмайды. Қаржы тапшылығы мен елдің пікірі екі аяққа тұсау. Тіпті агрессордың үстінен арыз жазып, түрмеге тоғытуға дәті жібермейді. Сондықтан жауапты мамандар арыз түспесе де зорлық - зомбылық фактісі бойынша кінәлі адамды жазалауды ұсынып отыр. Сондай-ақ қамауда ұстау мерзімін 3 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту керек. 

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы:

- 80 пайыздан астам өздері арыздан бас тартады. Себебі өзіңіз білесіздер бізде менталитетімізге сай. біздің қазақ әйелдері ер азаматтарын бірінші құрметтеп, өздерінің отбасында бірінші орынға өздерінен жоғары қояды. ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды деген сияқты. қайтадан кешіретіні содан. жаңағы қылмыстық жауапкершілікке тартатынына содан жаңағы қылмыстық жауапкершілік дегенді естіп, балаларының болашағын ойлап, өзінің ер азаматының да қылмыстық жауапкершілікке тартқаннан кейін де әрі қарай оның өмірі не болады деп арыз жазудан бас тартады.

Ләззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұрып соғу, отбасылық зорлық-зомбылықты мәселесін қазір Ішкі істер министрлігі қайта қарауда. Біздің заң жобасы аясында отбасы институтын нығайту бойынша біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қамтыдық. 

Әзірге осал заң әлсізді мықтыға жығып берді. Ал тұрмыстық жанжалдың жиілеуінен дімкәс, жасқаншақ ұрпақтың көбеймесіне кім кепіл?

Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев