Жетісу облысында мемлекеттік грантпен 600 адам кәсіп бастады

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында сусыннан қалған пластик құтылар жиналып қайта өңдеуге жіберіледі.

Мұндай істі туған жерін тұрмыстық қалдықтардан тазартуды көздеген жастардың бірі қолға алды. Экологиялық жоба мемлекеттік грант негізінде жүзеге асты. Өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасымен өңірдегі 600-ден аса адам ауыл шаруашылығы, ұлттық қолөнер және қызмет көрсету, медицина саласында кәсіп бастады.

Сарыөзек кентінің тұрғыны Бекжан Оразбек пластик құтыларды жинап қайта өңдеуге жібереді. «Бастау бизнес» бағдарламасымен оқып білімін жетілдірген жасқа жобасын жүзеге асыру үшін 1 млн 225 мың теңге грант берілген. Қаржыға ол арнайы құрылғы сатып алып кәсіп бастады. 

Бекжан Оразбек, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда ауылда кішігірім кафелер, ресторандар соларға қаптар берем толған кезде алып кетем. Аптасына бір толған кезде алып келем реттеймін. Келешекте осындай пластик бутылкаларды жинайтын урналар қойғым келеді.

Ал Текелі қаласының тұрғыны Меліс Мұратбеков мемлекеттік көмек негізінде тіс емханасының жұмысын жандандырды. Ол берілген қаражат есебінен шағын вакуумды пешке қол жеткізді. Соның нәтижесінде емделушілерге керамикалық тіс сала бастады. Бірнеше жыл бұрын денсаулығы сыр бергеніне қарамастан білікті стоматолог отбасылық кәсібін ілгерлетіп отыр.

Меліс Мұратбеков, стоматолог:

- Кредит алып оны төлеп отырғаннан гөрі мына мемлекеттің жасап отырған бастамасы, кәсіп ашам деген кісіге бұл өте қолайлы зат. Мемлекеттік көмектің арқасында ойлаған ісіміз тез алға басты.

Бизнес жобалар облыстық жұмыспен қамту басқармасы арқылы қаржыландырылады. Саладағылар биыл 588 адамға грант беруді жоспарлап  отыр.

Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- 31 мың облыс халқын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде грантымыз бар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жастарға арналған 2,5 пайыздық несиеміз бар. Қысқа мерзімді оқытуларымыз бар. Ұлттық жобаларға тартылатын жұмыс орындарымыз бар.

Өткен жылы өңірде «Бастау бизнес» жобасымен үш мыңнан аса адам оқып, оларға 740 млн теңге грант берілді. Жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде 14 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов