Хромтаудағы бейнебақылау камералары қылмыстың азаюына септігін тигізді

Хромтау қаласының тәртіп сақшылары  бір жыл ішінде 17 қылмыстың алдын алып, 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушыны анықтады.

Бұл жедел басқару орталығы жұмысы тиімділігінің көрcеткіші дейді полиция өкілдері. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті билік көше бойы мен аулалар, қоғамдық орындарға жарық шамдары мен бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алған. Бұл қылмыс санының азаюына септігін тигізіп отыр. Тақырыпты тілшіміз толықтырады.

Аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына 40-қа жуық камера қосылған. Орталық көшелермен қатар үйлердің ауласы, қоғамдық орындар мен шаһардың кіре берісін бақылауға болады. Тәртіп сақшылары түн мезгілінде де тиімді қызмет ету үшін қаланың барлық көшесіне жарық жүргізу қажет дейді. Себебі көпқабатты баспаналардың маңына шам орнатқалы қылмыстың азайғандығы байқалады. Атап айтқанда пәтер тонау дерегі 2 жарым есе төмендепті. Ал орталық саябаққа қырағы камерадан бөлек модульдік бекет ашылғалы қылмыс тіптен тіркелмеген.

Құралбек Шарбақов, Хромтау аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Стационарлық бекетті мына орталық паркке орналастырғаннан бері, осы екі жылдан бері парк төңірегінде қылмысты жоқ деп те айта аламыз. Жұма, сенбі-жексенбі күндері және жазғы уақыттарда барлық іс-шаралар осы паркте өтеді, халық көп жиналады. Сондай кезде біздің полиция қызметкерлері және кәмелетке толмағандар инспекторлары халықтың қасында жүріп біріншіден қылмыстың алдын алады. Екіншіден мына халыққа көмек көрсетеді.

Қазір Хромтау қаласындағы 88 көшенің 60 процентіне жарық шамдары ілінген. Биыл тағы 19 көшеге орнату көзделіп отыр. Бұдан бөлек қаладағы барлық көпқабатты үйдің ауласына лэд шамдары орнатылған.

Ирина Перун, Хромтау қаласының тұрғыны:

- Бізде асфальт төселіп, аулаларға жарық шамдары ілініп жатыр. Бұл тұрғындар үшін өте қажет ақ. Себебі қаламыз тәулік бойы жұмыс істейді. Іргеміздегі зауыттың жұмыс кестесі үш ауысыммен жүріп жатыр. Түн мезгілінде көшелеріміздің жарық болғаны сол үшін де маңызды.   

Қаланың 26 көшесіне жарық жүргізуге былтыр 159 млн теңге қаржы бөлінген. Биыл бұл жұмысқа шаһар бюджетінен бөлек демеушілерді де жұмылдырып, ауқымды жоспарды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ ескірген аулаларды жаңартып, талапқа сай абаттандыру жұмыстары қолға алынады.

Жұлдызбек Бисембин, Хромтау қаласының әкімі:

- 2021 жылы 4 аулаға толықтай күрделі жөндеу жұмысын жүргіздің меморандум аясында. Былтыр, 2022 жылы 3 аулаға жүргіздік. Осы жылы қалған он аулаға толықтай ПСД дайындалып отыр. Қаржыландыру көзі қарастырылып жатыр. Биыл сол 10 ауламызды істесек, онда Хромтаудағы аулалардың 95 пайызы жөндеуден өтті деуге болады.

Аулаларды жаңғырту жоспарында жарық жүргізіп, асфальт төсеумен қатар ойын алаңы мен спорт нысандары да қарастырылған. Соңғы 2-3 жылда шаһарда балаларға арналған 30-дан астам алаң салынды.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков