Бірқатар елдің басшылары мемлекет басшысына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан көп адамның қаза болуына әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты шет мемлекеттердің, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың басшыларынан көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр,  деп хабарлайды Хабар 24 Ақордаға сілтеме жасап.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтан, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоннан, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкодан, Армения Президенті Армен Саркисяннан жеделхат келді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов жеделхат жолдады.

Жеделхаттарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірген. Сонымен қатар жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеген.

Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп жатыр.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.