Есеп комитеті Ұлттық қордан ақша алған нысандарды тексерді

Есеп комитеті Ұлттық қордан 290 миллиард теңге трансферт алған 20 нысанға аудит жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін ведомство төрағасы Наталья Годунова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сол тексерістің нәтижелері жайында баяндады. Оның айтуынша, комитет Қордан түрлі бағыт бойынша бөлінген 2,2 триллион теңгенің жұмсалуын қадағалады. Кездесу қорытындысы бойынша Президент Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құру мәселелеріне қатысты тапсырма берді.

Наталья Годунова ҚР Есеп комитетінің төрағасы

Бүгін мен Мемлекет басшысына Ұлттық қордан бөлінген трансферттердің жұмсалуы жайында есеп бердім. Бұл жұмыстың қорытындысы бойынша құны 9 миллиард теңгені құраған заң бұзушылықтар анықталды. 230 миллиард теңге тұжырымдамаға сәйкес жұмсалмады. негізінен заң бұзушылықтар орындалған қызметтердің ақысын төлемеуге қатысты.