Еуро-2020: Плей-офф аясындағы кезекті матчтар тартысқа толы болды

Басты фаворит жарыс жолынан шығып қалды. Футболдан Еуропа чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Плей-офф аясындағы кезекті матчтар тартысқа толы болды. Әсіресе, қазіргі әлем чемпионы Франция Швейцарияға есе жіберді. Бухарест қаласында өткен матч 3:3 есебімен аяқталды. Франция сапынан Поль Погба мен Карим Бензема мергендігімен көзге түсті. Соңғысы дубльдің авторы атанды. Ал, Швейцария құрамасынан Харис Сеферович екі гол соқты. Ал, оның командаласы Марио Гавранович соңғы минутта есепті теңестіріп үлгерді. Осылайша, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл сында швейцариялықтар басым түсіп, ширек финалға шықты. Ал, оның кезекті қарсыласы Копенгаген қаласында анықталды. Испания мен Хорватия арасындағы матчта 8 гол соғылды. Бұнда да негізгі ойын уақыты 3:3 есебімен аяқталды. Негізі Испания құрамасы алда келе жатқан. Соңғы минуттарда Марио Пашалич таразы басын теңестірді. Алайда, пенальти сериясына дейін жеткен жоқ. Экстра таймда Альваро Мората мен Микель Оярсабаль мергендігімен көзге түсіп, Испанияға жеңіс сыйлады. Осылайша, Швейцария мен Испания енді ширек финалда жолығады. Матч 2 шілдеде Санкт-Петербург қаласында өтеді. Ал, ширек финалдағы соңғы жұп бүгін анықталады. Оның жолдамасын Англия Германия және Швеция Украина жұптары сарапқа салады.