Қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы жарыста екінші айналымға шықты

Бублик, Путинцева және Рыбакина екінші айналымға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір АҚШ-тың Цинциннати қаласында теннистен әлем мықтыларының бәсекелері өтіп жатыр. Ерлер арасындағы сында қазақстандық Александр Бублик жергілікті спортшыны жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ал қыздар арасында тағы бір жерлесіміз Юлия Путинцева алғашқы айналымда Қытай, ал Елена Рыбакина Аdстралия өкілдерін айқын басымдықпен ұтты.

Әлем чемпионатында жүлдеге ілікті 

Ересектерімізден жасөспірімдеріміз озып тұр. Қазақстандық балуандар әлем чемпионатынан екі қола жеңіп алды. Тағы бір спортшымыз финалға шықты. Байрақты бәсеке дәл қазір Ресейдің Уфа қаласында өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні бозкілемге еркін күрес шеберлері шыққан. 57 келіге дейінгілер арасында ел намысын Асылжан Есенгелді қорғап, үшінші орын үшін күресте Әзербайжан өкілін жеңді. Ал 65 келіге дейінгілер арасында дәл осындай жетістікке Бекзат Ермекбай қол жеткізді. Ол шешуші сында Иран балуанынан басым түсті. Тағы бір спортшымыз Нұрдәулет Қуанышбай финалға жолдама алды. Ол 74 келіде сынға түсіп жатыр. Сәйкесінше, қоржында кемінде күміс медаль болады деген сөз.

«Астана» шабандозы 16-орында

«Астана» шабандозы 16-орында. Еуропа төрінде атақты велокөпкүндік жалғасып жатыр. «Вуельта Испания» бәсекесінің кезекті, яғни төртінші кезеңінде спортшылар 164 шақырымды бағындырды. Нәтиженсінде нидерландылық Фабио Якобсен топ жарды. Ал «Астана» сапынан ең тәуір көрсеткішке Алекс Аранбуру қол жеткізді. Ол мәре сызығын 16-шы болып кесті. Қазақстандық клубтың басқа мүшелері, яғни Горка Иссагерре 38, ал, Александр Власов пен Марк Падун, сәйкесінше, 48 және 49-сатыларға тұрақтады. Жалпы есепте айтарлықтай өзгеріс жоқ. «Астана» сапындағы Александр Власов 12, Марк Падун 25, ал Андрей Зейтц 47 орындарда. Алда әлі 17 кезең бар. Вуельта Испания бәсекесі 5 қыркүйекке дейін жалғасады. 

Футболдан Қазақстан кубогі

Футболдан Қазақстан Кубогының ширек финалына шыққандар белгілі болды. Топтық кезеңдегі соңғы кездесулердің бірі Петропавлда өтті. Жергілікті Қызылжар өз алаңында Шахтер командасын қабылдап, 8:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже қос клубтың да плей-оффқа шығуына мүмкіндік береді. Қалған соңғы матч, яғни, Ордабасы мен Сдюсшор арасындағы матч енді ештеңені шешпейді. Сонымен ширек финалда Астана Каспиймен, ал Қайрат Қайсармен кездесетін болды. «Шахтер» мен Тараз және Қызылжар мен Тобыл клубтары өзара мықтыны анықтайды. Алғашқы матчтар 21 және 22 тамызда, ал қарымта матчтар тура бір айдан кейін болады.

Айта кетейік, Қазақстан кубогы 28 қарашаға дейін жалғасады.

Қайрат Ералиев кәсіпқой боксқа ауысты

Қайрат Ералиев кәсіпқой боксқа ауысты. 30 жастағы қазақстандық боксшы ең алғашқы кездесуін 22 тамызда өтеді. Жекпе-жек кеші Қарағандыда болады. BoxRec порталының хабарлауынша, оның қарсыласы – 33 жастағы өзбекстандық Бахыт Абдурахимов.Ол бүгінге дейін 24 кездесу өткізіп, оның 10-ында жеңіске жеткен. Ералиев пен Абдурахимов арасындағы айқас төрт раундқа жоспарланған.

Айта кетейік, Қайрат 2017 жылы әуесқойлар арасында  әлем чемпионы атанды. Ал 2013 жылы қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол 2015 және 2017 Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңген.