Ұлттық хоккей лига хоккейшілері Бейжің олимпиадасына қатыспауы мүмкін

АҚШ пен Канаданың үздік клубтарын біріктіретін Ұлттық хоккей лигасы Бейжіңдегі Қысқы олимпиадаға бармауы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұған омиркон штамының өршуі себеп. Коронавирус індетінің таралуымен байланысты мұндай ереже Лига мен халықаралық Олимпиада комитетінің арасындағы келісім-шартта көрсетілген екен.

Сарапшылардың айтуынша, Бейжің Олимпиадасына қатыспау туралы түпкілікті шешім жақын арада ресми түрде жария етілмек.

ЖҮЗДЕН АСТАМ ХОККЕЙШІ КАРАНТИНГЕ ЖАТҚЫЗЫЛДЫ

Ұлттық хоккей лигасы Рождество кезіндегі барлық жаттығулары мен ойындарын кейінге шегерді. Өйткені жүзден аса ойыншы коронавирус жұқтырған немесе науқастармен қарым-қатынаста болған. Осының алдында Лига басшылығы ойыншыларды күн сайын тест тапсыруға және маска тағуға міндеттеген еді. Канада билігі матч кезінде көрермендер залын 50 процентке ғана толтыру туралы шешім қабылдады.

Говард Нджу, Канаданың денсаулық сақтау агенттігі басшысының орынбасары:

– Көңіл көтеру саласы – үлкен бизнес. Әдетте ойындарды тамашалау үшін жабық ғимараттарға көп адам жиналады. Сондықтан мұндай жерлерде арақашықтық сақтау, бетперде кию талаптары қатаң сақталуы тиіс. Көрермен санын қысқартудағы басты себеп осы.

АНГЛИЯ ОЙЫНДАРДЫ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕДІ

Ал Англия премьер-лигасының басшылығы коронавирусқа бола үзіліс жасаудан бас тартты. Рас, бұған дейін көптеген матчтар кейінге шегерілді. Өткен аптада 10 ойын белгіленген мерзімде өтпеді. Енді 28 мен 30 желтоқсан аралығындағы матчтар тоқтатылмайды, бірақ санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, футболшылардың вакцина салдыруы қатаң бақылауға алынбақ. Соңғы мәлімет бойынша лига ойыншыларының 68 проценті ғана 2 дозаны салдырған. Бұл Еуропадағы жетекші чемпионаттар арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

Том Филипс, «Бристоль Сити» ФК дәрігері:

– Вакциналардың көмегімен біз ойыншыларымызды футбол алаңында да, одан тыс жерде де қорғай аламыз. Бұл вирустың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.

РАФАЭЛЬ НАДАЛЬ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

Испан теннисшісі Рафаэль Надаль коронавирус жұқтырды. Спортшының Абу-Дабидегі турнирден оралған соң ковидке байланысты тапсырған тесті  оң нәтиже көрсеткен. Ол бұл туралы өзі хабарлады. Желтоқсанның 16-сы мен 19-ы аралығында Әмірлік астанасында өткен турнирдің ширек финалында Надаль британиялық Энди Маррейден ұтылып қалды. Енді Надаль Австралиядағы Ашық чемпионатқа қатыспауы мүмкін.