Шымкентте командалық оқ атудан ел чемпионаты басталды

Ішкі біріншілікке сегіз аймақтың құрамалары жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас-аяғы 155 спортшы аптаға жуық өзара мықтыны анықтайды. Ересектер арасындағы бәсеке алты санатта өтіп жатыр. Оның ішінде мылтықпен және тапаншамен оқ ату, бұған қоса, жылжымалы нысананы көздеу бағыттары бар. Ерлер арасында бөлек, әйелдер арасында бөлек чемпиондар анықталады. Кейін ел үздіктері Ұлттық құрамаға алынып, алдағы әлемдік аламандарға дайындалады. Айта кету керек, командалық жарыс ХФ бекіткен жаңа ережелер бойынша өтіп жатыр. Тек қана халықаралық дәрежедегі төрешілер қызмет етеді. Ал спортшылар допинг сынама тапсыруға міндетті. Ел чемпионатының жалпы қорытындысы 10- сәуірде белгілі болады.

ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кезекті кездесуінің алдында керемет мәлімдеме жасады. Ол 21-мамырда британиялық Дэнни Дигнуммен жолығады. Жекпе-жек кеші АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Осы орайда шыдамдылық пен жылдамдықты шыңдайтын жаттығуларға кірістік. «Рингке 100% дайындықпен шығу керек. Бұйырса тарихты жасаймыз!» деді Жәнібек әлеуметтік желіге қалдырған жазбасында. Алдағы жекпе-жек 12 раундқа созылады және жеңімпаз WBO тұжырымы бойыннша уақытша Әлем чемпионы атанады. Жәнібек соңғы рет былтыр жұдырықтасты және бұрынғы Әлем чемпионы Роб Брантты жеңді. Осылайша  бүгінге дейін 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында да басым болды. Қарсыласы Дэнни Дигнум 15 жекпе-жек өткізіп, 14-інде жеңген. Біреуі тең аяқталды.

 «АСТАНА» ВЕЛОКОМАНДАСЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНА ІЛІКПЕДІ

Испанияның таулы-қыратты аумағында велокөпкүндік жалғасып жатыр. Басков елдері турының 4 кезеңінде спортшылар 185 шақырымды бағындырды. Бұл сында колумбиялық Даниэль Мартинес топ жарды. Ол аталған аралықты 4 сағат 15 минут 23 секундта жүріп өтті. Үздік үштікті франциялық және италиялық қатысушылар түйіндеді. Қазақстандық клуб сапынан ең тәуір көрсеткішке Андрей Зейц қол жеткізді. Ол кезең қорытындысы бойынша 41-сатыға тұрақтады. Юрий Натаров пен Александр Рябушенко мәреге 77 және 82-ші  болып жетті. Алда әлі екі кезең бар. Испаниядағы жарыс 10-сәуірге дейін жалғасады.

Сондай-ақ...