369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ұлы даланың жеті қыры». Отандық БАҚ не дейді?

  • 1724
  • UPD: 12:02, 22.11.2018

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын мерзімді басылым беттерінде де талқыланып жатыр.

Президент көтерген рухани мәселелер туралы қоғам өкілдері де жарыса жазуда. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық «Егемен Қазақстан» газетіне мақалаға қатысты пікірін жазды. 

Алмасбек Әбсадық: Мазмұны терең ой-толғам

«Ұлы даланың ерекше жеті қырын тілге тиек ете отырып, Президент Қазақстанның тарихына терең ой салуды үндейді және оны ел-жұрттың рухани игілігіне практикалық тұрғыда айналдыру мақсатында ірі, маңызды жобаларды ұсынып отыр. Ол жобалар «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады. Бұларды жүзеге асыру рухани саланың жаңа өрлеу сатысына жетелейтіні анық. Қазақтың Ұлы даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар дүние жүзінің материалдық һәм рухани мұрасына өшпес іздер қалдырды. Оның негізі түпқазығы көшпелі өркениет пен отыршылдық мәдениеттің тоғысында жасалды. Ұлы Даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырта білу, оны ел жұрттың пайдасына жарата түсу – еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін қосатыны сөзсіз».

Руслан Бақытбекұлы, тілші Twitter@rusput_24kz

– Жамбыл облысында агросекторды цифрландыру жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта аймақта бірқатар жоба қолға алынған. Мәселен, егін шаруашылығымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер егіс алқаптарын қашықтықтан зерделеу жұмыстарын жүргізуде деп жазады Жамбыл облыстық «Арай жастар» газеті.

Агросектор «ақылды технологиялармен» алға басады

Серіктестіктер тұқым себуде дәлдік егіншілік тәсілімен жұмыс істейтін технологияларды да кәдеге жаратады. Бұл егіс алқаптарына тұқымның біркелкі себілуіне әрі жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ ақылды қопсытқыштар мен цифрландырылған сепкіштер де саладағы озық технологиялық жабдықтарға айналып үлгерді. Тіпті заманауи құрылғылар егіс алқабындағы арам шөптердің таралу алқабы жайындағы нақты мәліметтерді ұсыну қабілетіне ие. Сол арқылы шаруалар цифрландырылған сепкіштің бағдарламасына алқаптардағы арам шөптердің таралу картасын енгізеді. Одан әрі компьютерлік бағдарлама егіс алқабына химиялық препараттарды қандай мөлшерде себуді өзі реттеп отырады. Бұл шаруалар үшін экономикалық тұрғыдан тиімді. Өйткені, шаруашылық жетекшілері бұрынғыдай арам шөпке қарсы өңдеу жұмыстарын алқапқа жаппай жүргізбейді. Соның есебінен химиялық препараттарға жұмсалатын шығын азаяды».

Руслан Бақытбекұлы, тілші Twitter@rusput_24kz

– Мал шаруашылығы саласын цифрландырудағы аса ауқымды жоба келер жылы Жуалы ауданындағы «Гамбург» шаруа қожалағында іске қосылмақ. Бұл жоба 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын компьютер тетігі арқылы басқаруға мүмкіндік беруімен ерекшеленгелі тұр.

Ал Қызылорда облысында Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алтынай Әбдіжәміл климаттық жағдайға төзімді, экономикалық тұрғыдан тиімді, туберкулез таяқшасына және басқа да патогенді микробтарға қарсы тұра алатын «өсімдік антибиотиктерінің» тізімін жасады. Облыстағы жабайы өсімдіктердің салыстырмалы фитонцидтік белсенділігін эксперимент арқылы зерделеген жас зерттеуші жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында фитонцидтерге бай жабайы өсімдіктерді көркейту-көгалдандыруға пайдалануды ұсынады деп хабарлайды Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті.

Жас биологтың жаңа идеясы

«Алтынайдың ғылыми жоба үшін тақырыпты таңдап алуына, туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейінің әлі де болса алаңдататын мәселе екені себепші болған. Жоба жетекшісі биология пәнінің эксперт мұғалімі Дариха Мұнарбаеваның басшылығымен фитонцидтік қасиеттері басым жабайы өсімдіктерді зерттеген. Ол өсімдіктер жұқпалы аурулардың алдын алуға және күресуге септігін тигізбек. Өз ұсынымында мектеп және басқа да балалар оқып-білім алатын ғимараттардың ауласына көркейту-көгалдандыру жұмыс¬тарына пайдалану қажеттігін айтады».

Жас биологтың сөзінше, фитонцидтер – микроорганизмдердің дамуын және көбеюін тоқтатуға, тежеуге ықпалды иммунитетті заттар. Ол бойынша зерттелген өсімдіктер – тораңғыл терегі, жыңғыл, жабайы жиде, күміс терегі, қараған, кекіре, ақ сексеуіл, адыраспан болған. Микроорганизмдерге және кейбір жәндіктерге олардың әсері зерттелген.

«Эксперимент нәтижесі көрсеткендей, жабайы жиде, жыңғыл, тораңғыл терегі, терек, адыраспан сияқты фитонцидтік белсенділігі жоғары өсімдіктерді жұқпалы аурулардың алдын алу үшін табиғи компонент ретінде балабақшалар мен басқа да балалар мекемелерінің ауласында көркейту-көгалдандыруда пайдалану өте тиімді», – деп толықтырды жоба жетекшісі Дариха Мұнарбаева.

Руслан Бақытбекұлы, тілші Twitter@rusput_24kz

– Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы жыл санап еселеніп келеді. Мәселен, биыл оның көлемі былтырғымен салыстырғанда, екі есеге ұлғайған. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасының өңірде табысты іске асып жатқанының көрінісі деп хабарлайды облыстық «Қостанай таңы» газеті.

Құрылыс қарқын алды

«Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбековтің мәліметінше, құрылыс өткен жылғыдан 10%-ға артқан. Нақтылай айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Әсіресе, жалдамалы тұрғын үй құрылысы екі есеге артып, көлемі 32,5 мың шаршы метрге жетті. «2018 жылдың 9 айында 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 63,3 мың шаршы метр үй тұрғындарға тапсырылады. Олардың ішінде 10 көпқабатты үй бар. Әлеуметтің аз қамтылған тобына жататын азаматтарды жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге қарастырылды. Жалпы, тұрғын үй салуға бағытталған 7,3 млрд теңге қаражат толығымен жоспарлы түрде жұмсалады».

Осы категория бойынша: « Баспасөзге шолу: Елбасы мақаласы Баспасөзге шолу. Тарихи сана жаңғырады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы