Конгресс Байденнің президент сайлауындағы жеңісін растады

АҚШ Конгресі ел президенттігіне үміткер Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін ресми растады.

«АҚШ Конгресі Байденнің жеңісін бекітті. Формальді процедура ұзаққа созылып кетті, алайда барлық ресмилік сақталды. Таңғы сағат 03:30 кезінде вице-президент Майк Пенс отырысты жабық деп жариялады», - делінген ақпаратта.

78 жастағы Джо Байден Американың 46-президенті болды. Инаугурация 20 қаңтарға жоспарланған.

Еске салайық, сәрсенбі күні АҚШ Конгресі сайлаушылардың дауысын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. Алайда бұған дейінгі президент Дональд Трамптың жақтастары жаппай наразылық акциясын бастап, олардың бір тобы Конгресс ғимаратына басып кірді. Түн жарымына қарай АҚШ Конгресін және Сенатын күзететін полиция Трамптың жақтастарын Капитолий аумағынан тықсырып шығарды. Сенат ғимаратын АҚШ ұлттық ұланының жасағы күзетуде. Вашингтонда коменданттық сағат енгізілді. Кейін Instagram, Facebook, Twitter және Youtube Дональд Трамптың аккаунтын блокқа қойды. Наразылық акциясынан соң АҚШ Конгресі дауыстарды сертификаттауды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.

BBC