Берлинде қоршаған ортаны қорғауға шақырған шеру өтті

Германияның отыз қаласында климатты қорғауға үндеген шеру өтті.

Бұл – індет басталғалы табиғат жанашырларының ең ірі наразылық акциясы. Өздері мұны күзде өтетін парламенттік сайлау алдында биліктің назарын аудару дейді. Шерушілер қоршаған ортаны қорғау үшін бірнеше бастама көтеріп отыр. Мысалы, билік 2022-ші жылға дейін елдегі барлық атом электр станциясынан бас тартуды көздейді. Сол секілді көмірді пайдалануды да толық тоқтату керек. Ал қалаларда ауаның ластануын электромобиль мен велосипедтерге басымдық беру арқылы шешуге болатынын айтады.

 Илья, Берлин тұрғыны:

Қазір жағдай қиын. Біз жер шарын талқандап жатырмыз. Бұлай жалғаса бермеуі керек. Бұл үшін өзіміздің өмір сүру салтымызды өзгертуіміз керек. Көмірді пайдалануды тоқтатып, жасыл энергетикаға инвестицияны ұлғайтуымыз қажет. Табиғатты барынша аялайық.

Каролина, Берлин тұрғыны:

Біз сайлау алдында барлық партиялардың бағдарларламасында климатқа қатысты нақты стратегияның болғанын қалаймыз. Өйткені бұл әділ әлеуметтік саясаттың бір бөлігі. Менің ойымша, біздің саясаткерлер қоршаған ортаны қорғауға аса мән бермейді. Сайлау бұл жағдайды өзгертуге тиіс.