Германиядағы парламенттік сайлауда социал-демократтар жеңіске жетті

Германияда парламенттік сайлауда Олаф Шольц бастаған социал-демократтар жеңіске жетті. Ал Меркельдің ізбасары басқарған консерваторлар билікті сақтауға қажетті дауыс жинай алған жоқ.

Сайлау қорытындысы немістер «темір фраудың» 4 мерзімінен кейін елде өзгерістерді қалағанын көрсетті. Алдағы апталарда Германияда жаңа канцлерді сайлау керек. Қандай партиялар билік басындағы коалицияға кіретіні белгісіз. Социал-демократтар бұл сайлауда негізгі бақталастарынан озып кетті. Дегенмен, дауыс есебі кезінде осы екі партия арасында дауыс айырмашылығы небәрі бір процент болатын. Меркель партиясы 24,1% дауыспен артта қалды. Социал-демократтар 25,7% дауыс жинады. Дауыс айрмашылығы аз болғанына қарамастан бұл консерваторлар тарихындағы ең нашар нәтиже. Алайда Армин Лашет өзге партиялармен келісе алатынына үмітті.

Ральф Бринкхаус, ХДО партиясының мүшесі:

- Өкінішке орай, кешеден бері сайлау нәтижелері жақсарған жоқ. Бұл бүкіл блогымыз үшін үлкен сәтсіздік болды. Дегенмен, үкімет құруға әлі де мүмкіндігіміз бар. Әзірге канцлер орнынан дәмелі үміткерлердің ешқайсысы көп дауыс жинамады. Сондықтан өзге партиялармен келіссөз бастаймыз.

Алайда сарапшылардың көбі бұған сенбей отыр. Канцлерлікке ең басты үміткер Олаф Шольц басқа партиялармен келіссөз өткізіп жатқанын мәлімдеді. Егер жасылдар мен либералдардың қолдауына ие болса, Германияда социал-демократтардың басқаруымен жаңа дәуір басталады. Ал соңғы 16 жыл ел билеген консерваторларға оппозицияға кетуге тура келеді.