Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының сегіз ауылында интернет тұрмақ ұялы байланыс та орнатылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Оның арасында туристік аймағымен танылған шекара бойындағы Барлық-Арасан елді мекені де бар. Тұрғындар хат-хабар алысу үшін тау басына шығуға мәжбүр. Бұдан бөлек, мұнда келгендерді қытайлық байланыс желісіне қосылуы таң қалдырып отыр. Ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығы Барлық-Арасан ауылының тұрғындары үшін басты мәселенің біріне айналған. Олар жақындарымен хабарласу үшін тауға шығуға мәжбүр. Биік жерге қарай жиі шығуды осы елді мекеннің фельдшері Бақытгүл Қуанышбаева да әдетке айналдырған. Басқа амалы жоқ. Себебі интернеттің жоқтығы есеп-қисапты уақытылы тапсыру міндетінен құтқармайды. Сондықтан да аяғы ауырса да тауға өрмелеуге тура келеді. Бақытгүл Қуанышбаева, Барлық-Арасан ауылының тұрғыны: – Өзекті мәселеміз – интернет мәселесі. Өте қатты қажет нәрсе ғой қазіргі заманда. Міне қазір өзім тауға шығып отырмын, өйткені интернет жоқ. Мен жұмыс бабымен де осылай хабарласып отыруым да керек қой күн сайын, тем более мен өзім денсаулық жағында жұмыс істегеннен кейін маған бүкіл халыққа керек нәрсе ғой. Ауылдағы жалғыз шағын жинақты мектепке бұған дейін интернет жүргізілген. Алайда қондырылған модем құрылғысы істемейді. Мәселенің мән-жайын білуге барғанымызда бізді білім ұясына кіргізбеді. Сөйтсек, аудан әкімдігі мектеп директорына түсіру тобын ғимаратқа жолатпақ түгілі, ешқандай пікір айтуға рұқсат бермеген көрінеді. Мектеп қызметкерлерінің мұндай қылығы бізге түсініксіз әсер қалдырды. Қабылдамаудың себебін ашып айтқан да ешкім болмады. Ұзақ уақыт соңымыздан ерген әкімдік көлігінің не үшін жүргенін түсінбедік. Мүмкін ауылдықтардың душар болған мәселесін көтергенімізге риза болмаған шығар деген ой түйдік. Ал ауданда 8 ауылдың тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Жәнібек Қамызбаев, Үржар ауданы әкімі аппаратының бас маманы: – Сегіз елді мекеніміз ол 250 кем адам болғандықтан, сондай 250+ бағдарламадан тыс қалып отыр. Қазір ол мәселені мобильді операторлармен қоса шешімін табу жолын іздестірудеміз. Айта кету керек, интернет мәселесі өткір болса да, шекара бойындағы туристік аймақ Барлық-Арасан елді мекені жылына жеті мыңға дейін мейман қабылдайды. Күйбің тіршіліктен шаршаған келушілер бұл маңнан күш жинап, үлкен әсермен қайтары анық. Алайда «Қытайға қош келдіңіз» деген хабарлама алуы туристерді таң қалдыратыны анық. АВторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әсем Утешева, Берік Жобалайұлы