Үйдің бөлігі дәл мектеп ауласына түскен, деп хабарлайды «Хабар 24». Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Гүлзия Нақыпқызы, тілші: - Елордадағы Жеңіс көшесінің тұрғындары алаңдап отыр. Себебі бір ай бұрын үйлерінің қасбеті құлап, қабырғасы сөгіле бастаған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпепті. Дегенмен өздеріңіз көріп отырғандай, қызыл лентамен қоршап қойған. «Неге?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Себебі қабырғамен шектесетін мектеп тұр. Оқушылардың жүріп өтетін жолдары осы жерде екен. Бұл жолы нысанның сыртқы сылағы опырылған. О баста шала-шарпы салынған үй дауыл емес, желге төтеп бере алмапты. Әйтеуір, оқыс жағдай түнде болып, адамдар зардап шекпеді. Бірақ тұрғындар мен балаларын мектепке жіберетін ата-аналардан маза қашты. Жеңіс Баймұқан, қала тұрғыны: - Бір ай бұрын үйіміздің қабырғасы құлай бастады. 9-шы қабатта тұрамын. Үйдің ішінен қабырғаны қолмен ұстап көрсең, суық. Әлі қатты жел болған жоқ. Қасбеті құлап жатыр. Әкімдікке шағым жазғанбыз, ақша жинаңыздар, өздеріңіз істеңіздер деп жатыр. Пайдалануға берілгеніне небәрі 8 жыл болған үйдің сапасы сыр бере бастады. Елордада бұл бірінші жағдай емес. Жел соқса болды, кей үйлердің қасбеті құлап, шатыры ұшып жататын жағдай жылма-жыл қайталанып отыр. Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс қауымдастығының президенті: - Біз аталған үйдің жағдайын білу үшін арнайы тексеру тобын жібердік. Нысанның қасбеті 10 см пеноплекстен жасалған. Тұрғын үйді салу үшін бұл материалды қолдануға тыйым салынған. Сондай-ақ арматуралық тор орнатылғанын байқадық. Бұның барлығы құрылыс техникасын тікелей бұзу болып табылады. Үйге қайта жаңғырту жұмыстарын жасау үшін «апаттық» деп тану қажет. Ол үшін тәуелсіз акредиттелген эксперттік ұйымның қорытындысы керек. Аталған ұйым шешім шығарған жағдайда ғана жөндеу жұмыстары жасалады, бірақ тұрғындардың есебінен. Еркебұлан Көшкінбай, қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасы сарыарқа аудандық бөлім басшысы: - Қандай да бір бөліктеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің бірнеше жолдары бар. Біріншіден тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес тұрғындардың арнайы есепшоты болуы қажет. Ондай шот болмаған жағдайда қаражат жинау арқылы жүргізіледі. Болмаса, мемлекеттік бағдарлама жаңғырту бағдарламасы шеңберінде күрделі жұмыстар жүргізсе болады. Аталған үйдің иелері опырылған қабырғаның өтеуін кімнен сұрайды. Бұған заң тұрғысынан жауап бар екен. Заңгерден мән-жайды білдік. Серік Беркамалов, Қазақстан Заңгерлер одағы Астана қалалық филиалының төрағасы: - Бізде құрылыстың кепілдік мерзімі – 10 жыл. Бірақ келісімшарт бойынша басқа мерзім белгіленуі де мүмкін. Соған қарамастан, 10 жыл ішінде нысанның сапасыз құрылыс екені дәлелденсе, тұрғындар құрылыс компаниясына шағым түсіруге құқылы. Ал екінші тарап заң бойынша қойылған талапты орындауға міндетті. Енді тұрғындар құрылыс компаниясына шағымдануға ниетті. 10 жыл мерзім әлі өткен жоқ. Мүмкін кепілдік бойынша үйіміз қалыпқа келер деген үміттері бар. Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Битабаров, Диас Қобланбаев