Қара зең дерті Иракты алқымынан алды

Жыл сайын жер бетінде 17 миллионға жуық адам түрлі инфекциялық аурудан көз жұмады. Бірақ соның арасында адамның өз-өзіне салғырт қарауынан болған дерек өте көп. Мәселен, ауырғанда шамадан тыс антибиотик қабылдау мен қажетті вакцинадан бас тарту өлімге әкелетін жағдайлардың бірі ғана дейді мамандар. Өйткені әлсіз иммунитет жаңа инфекцияға қарсы тұра алмайды. Оған дәлел Үндістан мен Иракта анықталған қара зең дерті. Әлемде қарқын алған қауіпті аурулар қандай?

Үнді жерінде коронавирус аздай, енді қара зең жайылып барады. Осы уақытқа дейін оны 9 мыңдай азамат жұқтырған. Көбі таяуда ғана ковидтен айыққандар. Мамандардың айтуынша, бұл ауру иммунитеті әлсіз немесе қант диабетіне шалдыққандар үшін аса қауіпті екен.

Браджпал Сингх Тяги, дәрігер:

- Қант диабеті адам ағзасының қорғану қабілетін әлсіретіп тастайды. Коронавирус оны одан сайын нашарлатып жібереді. Қазіргі уақытта әр апта сайын кемі 2-3 тұрғыннан мукормикоз анықталып жатыр. Бұл сұмдық. 

Дәрігерлердің сөзінше, қара зең топырақтан, шаң мен шіріген жеміс-жидектен жұғады. Қауіпті індет өкпені жасанды желдету аппараты арқылы да жұғып, адам денесінің кез келген мүшесіне шабуы мүмкін. Бірақ көбіне ол көз бен мұрынды зақымдайды екен. Сондықтан ауруы асқынған азаматты аман алып қалу үшін ақ халаттылар науқастың көзін ойып алып тастайтын көрінеді. Әйтпесе қара зең адам миына жетіп, оны да зақымдауы мүмкін. Ал осы бір аурудың алдын алудың амалы бар ма деген сұраққа мамандар коронавируспен ауырған азамат қабылдайтын антибиотиктер мөлшерін қатаң қадағалауы керек дейді.

Гагандип Канг, вирусолог:

- Мукормикоздың пайда болуына коронавирус емес, иммунитеттің әлсіреуі себеп. Өйткені тұрғындар ковид-19 инфекциясына шалдыққан кезде шамадан артық антибиотик қабылдайды. Сөйтіп, ағзадағы пайдалы бактерияларды өлтіріп алып жатады. Салдарынан иммунитеті әлсірейді. 

Қара зең қазір әлемнің өзге елдерінде де тіркеліп жатыр. Мәселен, Иракта бұл дерт 6 тұрғыннан анықталып, кейін екеуі көз жұмды. Осыған байланысты жергілікті дәрігерлер дабыл қағып, ел азаматтарын өзін өзі емдеумен айналыспауға шақырды. Ағзаға ауыр тиетін дәрі-дәрмекті тек маманның нұсқаулығымен  қабылдау керек.

Ал Қытайда құс тұмауының адамға жұғу дерегі тіркелді. Бұған жергілікті дәрігерлер аң-таң. Өйткені мұндай оқиға әлемде алғаш рет кездесіп отыр. Қазір мамандар науқаспен қатынасқан азаматтардың бәрін тіркеп, дәрігерлік бақылауға алған.