Ashyq жобасы 39 кәсіпкерлік нысанында іске асып жатыр

Елордада Ashyq жобасы 39 кәсіпкерлік нысанында іске қосылды.

Олар негізінен халық жиі бас сұғатын фитнес орталықтар, компьютерлік клубтар, моншалар мен өзге де ойын-сауық кешендері. Азаматтар қауіпті кеселге шалдыққанына қарамастан қоғамдық орындарға жиі барады. Осылайша өзгенің өміріне қауіп төндіреді.

«Ashyq жобасының басты мақсаты – аталған жайтты болдырмау», – дейді қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова. Мобильді қосымша телефон арқылы жұмыс істейді. Алдымен QR-кодты сканерлеп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізесіз. Сол кезде сізге 4 түстің біреуін көрсетеді. Көк – жақын арада ПТР-тестіден өтпегеніңізді білдіреді. Жасыл түс – тестіден өткен, бірақ деніңіз сау екенін растайды. Сары – науқастармен байланыста болғандарға беріледі. Ал қызыл түс коронавирус жұқтырғандарға ғана шығады. Сары және қызыл түс көрсетсе, қоғамдық орындарға кіре алмайсыз.